Әкімдік, полиция департаменті, СЭС және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобы сұлулық салондары, ірі азық-түлік базарлары, супермаркеттер мен техника дүкендерін тексерді. Нәтижесінде Алматыда ашылған нысандарда бірқатар санитарлық норманың бұзылғаны анықталды. Бұл туралы HolaNews хабарлады

Мәселен, орталық әмбебап дүкенде сатушылар қолғапсыз жұмыс істеген, кіреберіске санитайзер мен тепловизор орнатылмаған. Нан өнімдері сөреде қапталмаған күйінде тұрған.

«Дәл осындай көріністі «Көк базардан» да байқауға болады. Мұнда да санитарлық талаптар сақталмаған. «Барлығын тездетіп ретке келтіріңізді сұраймын. Мұнда біржақты қозғалыс болуы керек. Адамдар топталып жиналып қалмауы тиіс. Әлеуметтік қашықтықты сақтаңыздар. Дезинфекциялық туннельдер орнатылуы керек. Тепловизорларыңыз істен шыққан. Резервте басқасы болуы шарт. Мен мұны өрескел бұзушылық деп санаймын», — деді қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар, комиссия мүшелерінің айтуынша, келушілер ғимаратқа кірген кезде антисептик қолдануы керек. Ал күзет оның бәрін қадағалап, ескертіп отыруы қажет. Сұлулық салоны қызметкерлерінің санитарлық талаптарды дұрыс білмейтіні анықталды.

«Қызметкерлер бетпердені қаншалықты жиі ауыстыру керегін білмейді, әр 20 минут сайын дейді. Іс жүзінде әр 2-3 сағат сайын ауыстыру керек. Сондай-ақ, бетперде ауыз бен мұрынды толығымен жабуы қажет. Шеберлер арасындағы қашықтық 1,5-2 метр болуы тиіс», — деп түсіндірді қаланың бас санитар дәрігері.

Бекшиннің айтуынша, анықталған кемшіліктер бойынша хаттама толтырылады.

«Ескертулер мен кемшіліктер негізінде аудандық бас санитар дәрігер хаттама толтырады. Сонымен қатар, біз көрсеткен кемшіліктерді дұрыстау тапсырылды. Айыппұлдың мөлшері төрт миллион теңгеге жетеді. Түрлі жеңілдік бар, егер айыппұл бір аптада төленсе, оның мөлшері 50 %-ға қысқарады. Мұның бәрі бизнестің қай категорияға жататынына байланысты»,  деді Бекшин.

Бүгінде 3000-нан астам нысан тексерілді, оның 91-інде өрескел заң бұзушылықтар анықталып, әкімшілік айыппұл салынған.


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз