25 мамырда Қазақстанда барлық мектеп оқушысы соңғы қоңырауды онлайн түрде өткізеді. 11-сынып оқушылары ғана 3-4 маусымда мектепте аттестатын алады. Бұл туралы брифинг барысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

«Соңғы қоңырау деген бөлек іс-шара ресми түрде жоқ. Бірақ жыл сайын дәстүрлі түрде 25 мамырда өтеді. Биыл соңғы тоқсанның қашықтан өткеніне байланысты 25-і мектепке ешкім бармайды. Сондықтан соңғы қоңырау да жыл сайынғыдай болмайды», - деді Аймағамбетов.

Оның айтуынша, 25 мамырда соңғы қоңырауды онлайн-форматта өткізу жоспарланып жатыр. Ал министрдің өзі мектеп оқушыларын телеарнадан кезекті сыныпты бітіруімен құттықтайды. 

«Менің құттықтауым болады, қазір дайындап жатырмыз. Одан кейін әр мектептің әр сыныбы онлайн түрде сынып сағатын өткізеді. Себебі сынып жетекшілері жыл қорытындысын жасап, еңбектенген балаларды құттықтауы керек.  Бұл шаралардың бәрі 25 мамырда ұйымдастырылады», - деді Білім және ғылым министрі.

Сонымен бірге, 11-сынып оқушыларына аттестат табыстау шарасы 3-4 маусымда өтеді, себебі министрдің айтуынша, бұл  әр мектеп оқушысы үшін маңызды шара. Оны өткізу барысында бетперде кию, арақашықтық сақтау, дезинфекция сияқты санитарлық нормалар сақталуы керек.


Біздің Facebook-парақшамызға жазылыңыз