Халықты коронавирус инфрекциясын анықтайтын ПТР-тесттен өткізу үшін республика бюджетінен 5,4 миллиард теңге бөлінді. Тест бағасы 11,5 мың теңге, бірақ белгілі бір санаттағы азаматтар мен азаматшалар тестті тегін тапсыра алады.  Бұл туралы «Қазинформ» хабарлады.

«1,7 миллиард теңге стационарларға жіберіледі. 3,7 миллиард теңге консультациялық әрі диагностикалық емханаларға беріледі. Бұл медұйымдағы пациенттер тестті тегін тапсырады»,  деді Медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі.

Аймақтарға қажет тест санын жергілікті атқарушы орган анықтайды. Қазірде COVID-19-ға зерттеу жүргізетін 600-ден астам медицина ұйымымен келісім шарт жасалды.  Сәуірде Медициналық сақтандыру қоры қаражаттың бірінші бөлігін оларға жіберген еді.

Қор деректеріне сүйенсек, келесі санатқа жататын адамдар коронавирусқа тестті тегін тапсырады: провизор стационарына коронавирустың белгілерімен жатқызылғандар; ЖРВИ мен пневмония белгілері бар науқастар; КВИ жұқтырғандармен байланыста болғандар; жасы 50-ден асқан әрі тыныс алу жолдарында, эндокрин және жүрек-қан тамыр жүйесінде ауруы адамдар; шетелден келгендер; коронавируспен күрес жұмыстарына қатысқан ІІМ қызметкерлері; жүкті әйелдер мен тағы басқа санаттағы адамдар. 

Сонымен бірге, эпидемияға қарсы іс-шаралар аясында ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығы өз есебінен халықтың бір бөлігіне коронавирусқа тест жасайды. Олар үй карантиніндегі КВИ жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды; ЖРВИ белгілері бар және жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкерлерін; эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған мемлекеттік органдардың қызметкерлерін; қарттар үйлеріндегі, Интернаттық және өзге де мамандандырылған ұйымдардағы адамдарды; әскерге шақырылғнадарды және тағы басқа санаттағы халыққа зерттеуді тегін жүргізеді.

Коронавирустың таралуын болдырмау іс-шараларына республика бюджетінен 55,9 миллиард теңге қарастырылған, оператор  Медициналық сақтандыру қоры. Оның ішінде медицина қызметкерлерінің еңбекақысына үстемеақы төлеуге 35,8 миллиард теңге жұмсалды.


Біздің Facebook-парақшамызға жазылыңыз