Еліміздің Консититуциясы барлық азаматына дін бостандығын қамтасыз етуге кепілдік береді. Жалпы, Қазақстан Республикасында 3788 діни ұйым бар, оның 2611-і Ислам дініне қатысты болса, правлославтардың 339, елуіншілердің 228, баптистердің 186 ұйымы ресми түрде тіркелген. Еліміздің діни картасы осындай алуан түрлі, ондағы адамдардың әрқайсының өз тағдыры мен шындығы, қалыптасқан дүниетанымы бар. Біз әртүрлі конфессия өкілдерімен сұхбаттасып, олардан дінге қалай келгенін, бүгінгі өміріне діннің қалай әсер еткенін сұрап көрдік.

Мәтін

Нұрбек Мұхтарұлы

Өмірзақ (Ананта) Әбдіқанов

Діні: Кришнаизм

Алғашқы рухани ізденістер

Мен Өзбекстан қазағымын, 2000 жылдары Қазақстанға жұмыс істеуге келдім. Осы жақта жүргенде ауылдан суыт хабар жетті. Анам дүниеден өтіпті. 24 жаста едім. Бұл жаңалықты ауыр қабылдағаным соншалық, өмір мен өлім туралы жиі ойлана бастадым. Біз жақсы көретін адамдар қас қағым сәтте өмірден озып жатса, онда біз не үшін өмір сүріп жүрміз деген ойлар мазалады. Жаным күйзеліп, бірнеше ай тіпті үйден шықпай қойдым. Күйзелістен шығуыма ведикалық әдебиет септігін тигізді. Құдай қажет білімді адам іштей дайын болғанда жібереді-ау. Менің ой-өрем сол әдебиетті бойыма сіңіруге тек сол кезде дайын болғандай. Бір ұққаным өлім деген жоқ екен, барлық адамның жаны мәңгілік болмақ. Тән өлгенімен, жан ешқашан өлмейді. Адам көз жұмғанда біз оны жоғалтпаймыз. Тек оның жаны басқа денеге көшеді. Қазір басымнан сондай жағдай өтсе, бұрынғыдай қатты қайғырмаймын деп ойлаймын. Осылайша ведикалық әдебиетті оқи отырып, Кришна сеніміне қызыға бастадым. Кейін Қазақстанда Кришнаны ұстанатын адамдарды іздеп, жаңа орта таптым.

Жаңа сенім  жаңа есім

Кез келген кришна сенім ұстанушыға екі ат қойылады. Біріншісін ата-анасы, ал екіншісін «рухани қайта туу» кезінде гуру-ұстаз қояды. Менің қазақи атым Өмірзақ, құжатта да солай жазылған. Ал екінші атым негізгі есімім боп кеткен. Жұбайым да, достарым да, тіпті қол астымдағы қызметкерлерім де мені солай атайды.


Менің ет жемейтінім жайдан-жай емес, бұл — сана мен жүрек деңгейінде қалыптасқан қағида


Дін мен өмірлік ұстанымдары

Кришна ілімінде микробтан адамға дейінгі барлық тірі ағза туралы ақпарат бар. Сан ғасыр бұрын даналар бұл ілімді санскрит тілінде қалдырып кеткен. Көктегі періштелер осы тілде сөйлеседі деседі. Кришна сенімі мейірімге толы. Біз ет жемейміз. Себебі кез келген тірі жанға жанымыз ашиды. Одан бөлек, біз некеден тыс жыныстық қатынасқа түспейміз. Бұл да — бір тазалықтың белгісі. Дегенмен, вегетерианмын деп мақтанбаймын. Менің ет жемейтінім жайдан-жай емес, бұл — сана мен жүрек деңгейінде қалыптасқан қағида. Адамның хайуаннан басты айырмашылығы сананың болуында. Ал санасы бар жан қалайша басқа жанды өлтіріп, оны өзіне қорек етеді? Жай ғана өлтірмей, малды бауыздау кезінде оны қанша қинайды. Біздің дінде кейбір адам өлген соң келесі өмірде хайуан болып қайта туады делінген. Адам күйіндегі өмірін дұрыс пайдаланбаған жанды Құдай жазалап, хайуан кейпінде қайта жаратады. Сондықтан ет жеуді барып тұрған зұлымдық деп санаймын. Менің ет жемегеніме биыл 20 жыл.

Отбасымен қарым-қатынас

19 жасымнан бастап өз бетіммен өмір сүрдім. Қазақстанға көшіп келіп, сауда-саттықпен күн көрдім. Бұрындары арақ-шарап, балық өнімдерін сататынмын. Дін туралы хабарсыз кезім ғой. Отбасыма келсек, әкем — атеист. Ал басқа ағайын-туыстың арасынан мені сынағандар да, даттағандар да болды. Бірақ мен оларға мән бермедім. Түсінгендер түсінді, түсінбегендерде шаруам жоқ. Өз басым  Құдайға деген сенім қалайша ұлтқа байланысты бола алатынын түсінбеймін. Қазақсың ба, орыссың ба, үндіссің бе  маңызды емес, бәрімізді жаратқан бір Құдай ғой.

Жұбайым да Кришна сенімін ұстанады. Бір ұл, бір қызымыз бар. Ұлымызға санскрит тіліндегі ат қойдық, қызымыздың есімі мұсылманша. Болашақта олар басқа дінді таңдап жатса, қарсы болмаймын. Өз алдына бөлек тұлғалар ғой. Таңдауларына араласа алмаймын, бірақ әсер ете аламын. Тек Құдайдың дұрыс жолымен өмір сүріп, балаларыма үлгі болғым келеді. Қазірдің өзінде қызым ет жемейді және не үшін жемейтінін біледі. Қоршаған ортаға мейіріммен қарауды қазірден бастап үйретіп жүрміз.

Қоғаммен қарым-қатынас

Монах болып жүріп, Алматы Арбатында діни кітаптар тараттым. Сол үшін Заң алдында жауапқа тартылып, айыппұл төледім. Ондай кітаптардың тек арнайы орындарда таратуға рұқсат етілгенін ол кезде білген жоқпын. Заң қызметкелерінің арасынан да маған «Сен үндістердің дінін қазаққа неге таратып жүрсің?», «Біздің өз дініміз бар, мынаның бәрін таста» деп айтқандар болды.

Монахтың діни киіммен көшеде жүргенде, көбі таңғалып қарап жататын. Бір-екі рет таяқ та жегенмін. Қаланың қақ ортасында мені ұрып кетті. Ешқандай қарсылық танытқан жоқпын, жауап қайтаруға бәрібір әлім жетпейтін еді. Оның үстіне, кейінірек әлгі адамның психикасында ауытқуы бар екенін білдім. Тағы бірде бейтаныс біреу тосыннан келіп ұрды да көлікке отырып, тайып тұрды. Кім екенін байқаған да жоқпын. Бірақ мұның бәрін Құдайдың жіберген бір сыны шығар деп қабылдадым. Жалпы, қоғамға жаңалық әкелушілер, елден ерекше боп жүретін адамдар қашан да осындай қиындықтарға тап болған. Ондай жағдайларға тарих куә.

Жәнібек Батенов

Діні: Христиан дінінің Інжіл-лютеран тармағы

Алғашқы рухани ізденістер

Нағашы әжемнің ұлты неміс. Қазақ жеріне депортацияланған көп немістің бірі еді. Әжем қазақи ортада өсті, кейін қазаққа тұрмысқа шықты. Сондықтан, туыстарымыздың жартысы мұсылман, жартысы лютеран. Арасында атеистер де бар. Отбасымда діни сенімі аса берік адам болды деп ойламаймын. Ересектерге ислам немесе христиан діні туралы сұрақтар қойғанымда көбіне жауап бере алмай жататын. Бірақ үйде діни кітап жетерлік. Арасында Інжіл желісімен құрастырылған балалар кітабы бар еді. Сол әдебиетпен сауатымды аштым. Оны оқып бітірген соң мені Иса мәсіхтің тұлғасы қызықтырды. Мен қазақ болсам міндетті түрде мұсылман болуым керек немесе әжем неміс болғандықтан мен де лютеран болуым керек деп ойлаған емеспін. Жанымның қалауы осы болды. Мен үшін Иса мәсіх — Құдай, мені және барша адамзатты құтқарушы.

Шоқыну

17 жасымда өз еркіммен шоқындым. Бұл өзімнің саналы таңдауым болды. Сонымен қатар, таңдауыма Құдайдың киелі сөзі әсер етті деп ойлаймын. Біз үшін (лютерандар үшін) шоқыну деген — тек Құдайға куәлік ету емес, шіркеуге қабылдану. Бәрімізді жаратқан Құдай, бірақ тек шоқыну арқылы Құдай бізді өз баласындай көруге, батасын беруге, әрқашан жанында болуға кепілдік береді.

Лютер қалдырып кеткен құндылықтар

Лютердің қалдырып кеткен ілімі адал еңбек етуге шақырады. Адал еңбектенген адамға Құдай табысты да, байлықты да береді. Байқап қарасаңыз, Лютер дінін ұстанатын елдің барлығы бақуатты. Мұның өзіндік сыры бар. Барлығы 1517 жылғы Мартин Лютер бастаған Реформациямен тығыз байланысты. Сол кезден қалыптаса бастаған Лютеран шіркеуінің дәстүрі мен Кальвин сияқты басқа да реформаторлардың еңбегі біздің дүниетанымымызға әсер етті. Реформацияға дейін Құдайға жағу үшін өзіңді әлемнен тыс ұстап, монастырьға барып қызмет қылуың керек еді. Ал Лютер ілімі бойынша, әлем - Құдайдың жаратқан мекені. Егер де сол мекеннің гүлденуіне үлес қоссаң, сен Құдайға адал қызмет қылдың деген сөз.


Мектеп бітірген кезде екі жолдың бірін таңдауым керек болды: семинарияға оқуға түсу не жаратылыстану ғылымдарын зерттеу. Мен біріншісін таңдадым.


Мамандық таңдауы

Құдай туралы сұрақтар мені бала кезімнен мазалапты. Басқа да қызығушылықтарым болды. Физика мен химияны ұнататынмын. Мектеп бітірген кезде екі жолдың бірін таңдауым керек болды: семинарияға оқуға түсу не жаратылыстану ғылымдарын зерттеу. Мен біріншісін таңдадым. Құдайға қызмет еткім келді, семинарияға оқуға түстім. Одан кейін университетте тарихшы мамандығын меңгердім. Ол кезде мақсатым тарих мұғалімі болу емес, тек бар білімімді толықтыру еді.

Қоғам

Айтарлықтай негативпен кездескен емеспін. Даттағандардан гөрі таңқалатындар көп болды. Әсіресе, университетте оқып жүргенімде курстастарым мен ұстаздарым «Қазақ бола тұра, қалай христиан боласың?, «Иса — біздің Құдай емес. Қайтадан мұсылман бол» деп айтатын. Сондай кездері адамдарға не үшін және қалай бұл дінді таңдағанымды түсіндіремін. Көбі түсінетін немесе түсінгендей сыңай танытатын.

Інжіл-лютеран шіркеуінің қоғамдағы рөлі

Шіркеу қоғамдағы әлеуеті төмен жандарға қол ұшын созады. Мәселен, біз католик шіркеуімен бірігіп, аборт жасатқысы келетін әйелдермен жұмыс істедік. Иә, абортты күнә дей салу өте оңай. Бірақ адам не үшін мұндай іс-әрекетке баратынын ойламаймыз. Көп жағдайда әйел өз болашағына сенімсіз болғандықтан немесе сәбиімді асырай алмаймын деген қорқыныштан ауыр күнәні мойнына артады. Сондықтан біз өз тарапымыздан осындай жағдайға тап болған әйелдерге барынша әлеуметтік көмек беруге тырыстық. Қазір бұл жобамен мешіттер айналысып жатыр. Оларға алғысымыз шексіз.

Дін көшбасшыларының съезі туралы

Менің ойымша, бұл танысуға арналған жақсы платформа. Бір елде тұрып бір-біріміз туралы білмей жатамыз. Байқауымша, мұндай іс-шаралар «дін мен ұлт тығыз байланысты» деген қатып қалған қағиданы ақырындап жібітіп жатқандай. Христиан қазақтар не Еуропа ұлттарынан шыққан мұсылмандар сияқты «қызық кейіпкерлер» осындай форумдарда жиі кездеседі.

Мәншүк Әбдікәрімова мен Еңлік Гайсина

Діні: Бахаи

Алғашқы рухани ізденістер

Мәншүк: Біздің отбасымызда рухани тақырыптағы әңгімелер жиі көтерілетін. Бахаи сенімі туралы алғаш рет университет студенті болған кезде жездемнен естідім. Кейін оны зерттеп, сенім жайында білімімді жетілдіріп, жүрегіммен осы дінге өттім. Ес білгелі тек өзіме ғана емес, басқаларға да пайдалы болатын дүниелерді жасағым келетін. Жастардың қоғамды жақсартуға қосып жатқан үлесі, әсіресе жасөспірімдерге уақыт бөліп, олардың дамуына көмектесуі маған ерекше ұнады. Мен де сондай құндылықтар жүйесін ұстанғым келді. Ата-анам да бұған қарсы болмады. Олар маған сенім білдіріп, өзімнің ізденуіме еркіндік берді.

Еңлік: Мен Бахаи отбасында өстім. Отбасымызда бұл сенімге бірінші болып нағашы әжем өтті. Бахаи отбасында өссем де, ата-анам маған өз таңдауымды жасауға мүмкіндік берді. Бахаи сенiмiнде бала жасөспірім кезінен бастап өзінің қай дінге сенетінін таңдай алады. Сол кезге дейін ата-ана балаларды барынша рухани жағынан жетілдіруге тырысады. Сонымен қатар, менде рухани жағынан көптеген сұрақ туындағанда, әкеммен жиі кеңесетінмін. Мәншүк айтқандай, бахаилар ортасында қалыптасқан жасөспірімдермен сөйлесу, олардың рухани өсуіне көмектесу сияқты іс-шаралар менің тұлға ретінде қалыптасуыма көмектесті.


Айналамда түрлі дін өкілдері бар. Бұл біздің достығымызға ешқандай кедергі келтірмейді, керісінше, арамызда рухани диалог тудырады


Өз еркімізбен жасалған таңдау

Еңлік: Бахаилар барлық әлемдік дінді біртұтас дін деп қарастырады. Кез келген дін адамзаттың ұжымдық дамуының бір кезеңінен екінші кезеңіне жылжуына байланысты ашылып отырады және ғасырдан ғасырға жаңарады. Нақтырақ айтқанда, діннің рухани және әлеуметтік жағы бар. Рухани жақ өзгеріссіз қалса, әлеуметтік жақ үнемі өзгеріп отырады. Осыған орай, Елшілер әрбір заманның талаптары мен қажетіне  сай жаңа заңдар әкеліп отырған. Бахаулланың заңдары бүгінгі күннің мәселелерін шешуге арналған. Осы концепцияны түсінгеннен соң мен бахаи сенімін қабылдадым.

Мәншүк: Шынымды айтсам, бұл таңдау менің өмірімдегі ең саналы қадамым деп ойлаймын. Ол бір-ақ сәтте пайда болған шешім емес. Бахаи ілімінің ұстанымдарымен танысқанда, мен оларды жүрегімнен өткізіп, ой-санаммен сараладым. Күнделікті өмірде қолдануға тырыстым. Уақыт өте келе оның нәтижесін байқадым. Яғни, өзімнің және қоршаған ортамның қалай түрлетінін көрдім. Қазірде осы қағидалар менің өмірінің бағытын анықтайды.

Қоғаммен қарым-қатынас

Мәншүк: Бахаи сенімін ұстанғаным үшін ешкім қысым көрсеткен емес. Ол адамның өз позициясына байланысты шығар. Егер кез келген адам діндер арасындағы айырмашылықтарды іздеп, өзінің сенімін басқалардан жоғары қойып, басқалардың көзқарасын кемсітуге тырысса, қай ортада болмасын дау шығатыны сөзсіз. Сондықтан айырмашылық іздеудің орнына ортақ тұстарды іздесек, ұрыс-керіс дегендер әлдеқайда азырақ болар еді. Мен айналамдағы адамдарды бірлікке шақыруға тырысамын. Жан-жағымда түрлі дін өкілдері бар. Бұл біздің достығымызға ешқандай кедергі келтірмейді, керісінше, арамызда рухани диалог тудырады.

Еңлік: Мен оқып жатқан жерде топтағы жолдастарыммен мұндай диалог бірден орнамады. Бір-бірімізді жақынырақ тануға уақыт керек болды. Егер басында кейбір курстасым маған күмәнмен қараса, уақыт өте келе бұл кедергілер жойылды. Қазір біз бір-біріміздің көзқарасымызды құрметтейміз.


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз