«Фаббинг» — жаныңдағы адаммен сөйлесіп отырғаныңа қарамастан қайта-қайта смартфонға алаңдау әдеті. Psychological Reports журналында осы фаббингтің кері әсері туралы зерттеу мақаласы жарияланды. Бұл жайында «Нож» онлайн-журналы хабарлады

Егер біреумен әңгімелесіп отырып, әлеуметтік желілерге кіріп, жұмыс чаттары мен поштаңызды тексеруді әдетке айналдырсаңыз, сіз де фаббинг жасаған боласыз. Кейде, тіпті телефонға қарап отырып: «айта бер, тыңдап отырмын» деп қоятындар бар.

«Кейбір клиентімнің психотерапия сессиясында телефонға қарай беретінін байқадым», — дейді зерттеудің авторларының бірі әрі Мардина Артуклу университетінің әлеуметтік психологы Наиф Эргун.

Фаббингтің неден пайда болатынын зерттеу үшін психологтар екі түрлі еріктілер тобын жинады. 18-ден 76 жасқа дейінгі 576 адамнан тұратын бірінші топтың телефонды қайта-қайта қарайтын әдеті бар. Ал 18-58 жас аралығындағы 510 адамнан тұратын екінші топ смартфонына мән бермей отыра алады. 

Екі топқа жасалған зерттеу нәтижесінде фаббинг адамдар арасында ыңғайсыз жағдайды тудырып қана қоймай, ондай әдеті бар адамның депрессияға шалдығып, мазасызданып жүргенін білдіруі мүмкін. Тіпті, бұл өз-өзіне көңілі толмаудың немесе қасындағы адамды ұнатпаудың белгісі екені анықталды. 

Ең қызығы, фаббинг жалғыздықтың белгісі емес. Ғалымдар мұны әлеуметтік желі қолданушыларының виртуал және шынайы әңгімені бірдей көретіндігінде деп түсіндірді.  


Біздің Facebook-парақшамызға жазылыңыз