QazaqshaКарантинде баланың жүйкесін қалай сақтауға болады?
Үйдегі жылы атмосфера — баланың жақсы көңіл-күйінің кепілі
Далада асыр салып ойнағанды жақсы көретін балаларға карантин — қиын сынақ. Балдырғандар ойын алаңқайларын ұмытып, күні бойы үйде отырса, мектеп оқушылары қашықтан оқып жатыр.
Көктемнің жайма-шуақ күнінде балаларды қалай үйде отырғызамыз? Ата-ана не істеуі керек? Онлайн оқуда ата-ана өзінің де, баланың да жүйкесін қалай сақтай алады? Бұл сұрақтардың жауабын отбасы кеңесшісі Елжас Ертайұлынан білдік.
Елжас Ертайұлы
Отбасы кеңесшісі
Карантиннің балаға әсері
Далаға шықпай үйде отыру бала психологиясына әсер етуі де, етпеуі де мүмкін. Бәрі тікелей үйдегі атмосфрераға байланысты. Егер ата-анасының жүйкесі тозып, қит етсе бар ашуын баладан алса, онда баланың психологиясына зиян келеді. Оның карантинде жалғыздық сезінуі мен істейтін ісінің қалмауы жүйкесіне кері әсер етеді. Ал керісінше ата-ана үйде бала үшін ыңғайлы орта дайындаса, оның көңіл-күйі жақсы болады. Әлі жүйкесі толықтай қалыптаспаған балаға психологиялық жарақат салмас үшін орынсыз қысым жасамау керек. Дауыс көтеріп, ұрысудан да аулақ болған жөн.
Осыған дейін ата-аналарға ұл-қызымен бірге көбірек уақыт өткізу керегін жиі айтатынмын. Алайда олардың басым бөлігі уақыттың тапшылығын желеу ететін еді. Қазір карантинде уақыттан көп нәрсе жоқ. Сондықтан карантин — баламен сезімтал байланыс орнатып, арадағы қарым-қатынасты күшейту үшін таптырмас мүмкіндік.
Баланың көңілін аулау
«Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген қазақта сөз бар. Баланың далаға аңсары ауып тұруы, сыртқа шығып ойнағысы келуі — заңдылық. Сондықтан баланы үйде отырғызу үшін оған көңілінен шығатын альтернатив шешімдер ұсыну керек. Баланы телефонға не телидидарға телміртіп қою — шешім емес. Белгілі бір уақытта бала одан да жалығады. Уақытты жоспарлай отырып, ата-анасы баласымен бірге әртүрлі іс-шара ұйымдастырып, қызықты ойындар ойнағанда ғана бала зерікпейді. Осы әрекеттердің нәтижесінде бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас беки түседі. Мәселен, мен балаларыммен домино, шахмат, шашка ойнаймын. Кітап оқып, бой жазып, би билеуді де күнделікті әдетке айналдырдық.
Сонымен бірге баланың қызығушылығын анықтап, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік беру де — оңтайлы шешім. Мысалы, балаңыз сурет салғанды, бояғанды жақсы көрсе, бояу кітабын, түрлі-түсті қарындаштарды алып беріңіз.
Онлайн оқуға дұрыс көзқарас
Кез келген жағдайда алдымен мәселеге көзқарасты дұрыс қалыптастыру керек. Онлайн оқу басталмай жатып, оны күрделі мәселе ретінде қабылдаған ата-анаға баласының мектепке бармай, үйде оқуы қиындық тудырады. Өз кезегінде қиындық қысымға айналады. Оның зардабы балаларға тиеді. Ата-ана қазіргі жағдайды позитивті қабылдап, онлайн оқудың артықшылықтарын өзінің пайдасына шешуге тырысса, жағдай әлдеқайда оңалады.
Осы тұста назар аударатын жайт: ата-аналардың басым бөлігінің технологияны толық пайдалана білмеуі жағдайды қиындатып отыр. Дегенмен, мұғалімдер ата-ана чатына қашықтан оқуға байланысты нұскаулықтар жіберіп, өзгерістердің мән-жайын түсіндіруден қалыс қалып жатқан жоқ. Ата-ана жіберілген нұсқаулықтарды дұрыс қолдана білуі керек. Ата-анамен жұмыс істеу барысында байқағаным: олар нұсқаулықтың мазмұнына аса зер салмайды да, кейін қайта-қайта сұрақ қояды.
Баланы мәжбүрлеп оқыту — бос әурешілік
Баланың сабақ оқуға құлшынысы болмаса, мәжбүрлеу ешқандай шешімге алып келмейтінін біліңіз. Сіз мәжбүрлесеңіз, бала бойында агрессия, ашу пайда болады. Сондай-ақ сабаққа деген қызығушылығы мүлде өшіп, орнына жеккөрініш сезімі бой көрсете бастайды. Ол сабақты қысымның ықпалымен оқуы да мүмкін. Бірақ ондай білім санасына сіңбейді. Сол себепті баланы мәжбүрлеп оқытамын деу — бос әурешілік. Баланың қызығатын нәрселерін анықтап, беретін ақпаратты соған сай ұсынуды ойлау керек.
Мәтін: Жансая Алиева
МҰҚАБА: Charles Deluvio
Комментарии
Подписаться