Қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте аймақтың бас санитар дәрігері Ерғали Сыдымановтың мәлімдеуінше, Маңғыстау облысында коронавирустан алғаш адам қайтыс болды. Бұл туралы Hola News хабарлады

Оның айтуынша, Мұнайлы ауданы Батыр ауылының 1980 жылғы тұрғыны бүгін, 24 сәуірде көз жұмды.

«Ер адам 20 сәуірде дене қызуы көтеріліп, тамағы ауырған соң жедел көмекке жүгінген. Рентгенге түскеннен кейін пневмония анықталды. Ол жедел жәрдемге жүгінгенге дейін бір апта өзін нашар сезініпті. Айта кетейік, ер адам екі рет коронавирусқа тест тапсырған. Біріншісі теріс, екіншісі оң нәтиже көрсетті. Ол өңірдегі әскери бөлімдердің бірінде қызмет еткен. Төтенше жағдай кезінде Ақтау қаласын өңдейтін дезинфекторлар тобында болған. Ер адамның отбасы бар, 5 баланың әкесі. Қазір онымен байланыста болған барлық адам карантинде жатыр», - деді Ерғали Сыдыманов.

Ауданның бас санитар дәрігерінің айтуынша, науқастармен байланыста болғандардың саны 683 адам, жақын қарым-қатынаста болғандар 161, ал 522 адам байланыста болуы мүмкін.

Бүгінде Маңыстауда инфекциялық стационарда 15 адам емделіп жатыр. Олардың бірі жасанды тыныс алу аппаратында. Ауырғандардың ішінде бір медицина қызметкері, үш полицей, бір әскери қызметкер, екі зейнеткер және тоғыз жұмыссыз бар.


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз