Қоғам белсендісі Аслан Сагутдиновтің үстінен екі қылмыстық іс қозғалды
Былтыр Оралда орталық алаңға ақ плакатпен шыққан белсенді Аслан Сагутдиновке қарсы екі қылмыстық іс қозғалды. Асланның айтуынша, істің бірі — «полицей қызметкерін қорлау», екіншісі — «бағынбау». Екі қылмыстық іс қозғалғанын полиция растады. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.
«Қазір Сагутдинов Абай полиция бөлімшесінде тергеуде отыр. Оған қатысты екі қылмыстық іс қозғалды: 378-бап («Билік өкілін қорлау») және 379-бап («Билік өкіліне бағынбау»). Ол полиция бөлімшесінде унитаз бен қолжуғышты сындырды. Бірақ «мүлікті бүлдіру» қылмыстық ісін қозғаған жоқпыз», — деді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Белгібеков.
Сагутдиновтің өзі 19 сәуірде полицияға алғаш рет шақырылғанын әлеуметтік желіде жазған еді. Тергеу аяқталғаннан кейін ол Азаттық тілшісіне мән-жайды айтты.
Асланның сөзінше, оған қатысты екі не үш қылмыстық іс қозғалды. Сонымен бірге келтірілген залалдың соммасы есептеліп жатыр. Ол полиция бөлімшесінде унитаз бен есікті сындырғанын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуірде қоғам белсендісін «карантинді бұзды» деп, ұстап әкеткен еді. Сагутдиновтың айтуынша, оны дүкенге бара жатқанда үйінің қасында екі қызметкер тоқтатқан. Келесі күні сот шешімімен Аслан үш тәулікке қамалған.
Бұдан бөлек, белсенді Аслан Сагутдиновті Оралдағы «Пульс города» газетінің қызметкері Дана Дүйсекенова «жұрт алдынды масқаралады» деп сотқа берген. Қазір бұл қылмыстық іс тергеліп жатыр.
«19 ақпанда Сагутдиновтің каналында менің абыройыма нұқсан келтіретін видео жарияланды. Қылмыстық сотқа жазған шағымымда видеоны да көрсеттім. Видео ашық, оны бәрі көре алады» деген еді Дүйсекенова Азаттыққа өз шағымы бойынша.
Бұған дейін Дүйсекенованың шағымы бойынша блогер Айболат Бөкенов бес тәулікке қамалған. Сот Бөкеновті Дүйсекеноваға 130 мың теңге моральдық және материалдық шығын төлеуге міндеттеген.
Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз
Комментарии
Подписаться