Qazaqsha«Мен халыққа керекпін»: Қазақстан дәрігерлері эпидемия туралы
Коронавирус, қиындықтар мен тәуекел
13 наурызда Қазақстанда коронавирус жұқтырған алғаш екі адам тіркелді. Бүгінде инфекция 2070 адамда анықталған. Вирустың таралуын тоқтату үшін Үкімет бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдады: республика бойынша төтенше жағдай жарияланып, бірнеше қалада күшейтілген карантин енгізілді. Ауруханалар мен басқа да медициналық мекемелердің қызметкерлері науқасқа көмек көрсету үшін денсаулығына қауіп төндіреді. 652 медицина қызметкерінің коронавирус жұқтыруы — осыған дәлел.
Қазақстан дәрігерлерімен эпидемия кезіндегі жұмыс, жаңа қиындықтар және тәуекел туралы сөйлестік.
Кейіпкерлердің сұрауымен есімдері өзгертілді
Мәтін
Ахмет
Атырау
Елде бұл инфекция тіркелместен бұрын ақпанның басында медицина мекемелерінде коронавирус туралы айтыла бастады. Коронавирустың Қазақстанда одан бұрын пайда болғанына емес, ресми деректерге сенемін. Басқа елдерде инфекция енді-енді пайда болған кездері біздің ауруханада эпидемиологиялық шаралар бойынша төрт лекция өтті, жалпы ережелер мен обаға қарсы костюм (ОҚК — Ред) киіп-шешудің алгоритмі қайталанды.
Қазақстанда вирус пайда болғанда санэпидемстанцияның неге шамалы жұмыс істеп жатқанын түсінбедім. Аэропортта ешкім тұрған жоқ. Шетелден келіп жатқандарды ешкім тексермеді. Коронавирус сырттан әкелінді. Өткізу бекеттерінде бәрінің дене қызуы өлшенсе, оның таралуын алдын алуға болар еді. Мысалы, менің танысым 21 наурызда Кипрден ұшып келді. Шетелден келгендерді екі апталық міндетті түрде карантинге жіберу туралы бұйрықтың шыққанына қарамастан ол карантинде отырмады.
Елімізде коронавирусты алғаш жұқтырғандар анықталғанда дәрігерлерді жинап, лекциялар өткізілді. Атырауда вирус тіркелсе, кез келген уақытта кейбіреуіміз карантин аймағына баруымыз мүмкін екені айтылды. Қаладағы тубдиспансер және облыстық аурухана провизор стационарларына айналды (карантиндегі адамдарға арналған арнайы орындар — Ред). Онда вирустың таралуы бойынша бірінші және екінші санаттағы елдерден келгендер жіберілді. Қазір облыстық аурухана коронавирус жұқтырғандарды ғана қабылдайды.
Біздің емхана бұрынғыдай жұмыс істемейді. Дәрігерлер науқастың ауру белгілерін телефон арқылы сұрап, емін жазып береді. Егер науқастың жағдайы ауыр болса, фельдшер не мен үйіне барып, қараймыз. Қазір созылмалы ауруы бар науқастарды ешқайда қабылдамайды. Инфекциялық аурухана да жабық. Сондықтан науқасты онда емделуге не дәрігермен кеңесуге жібере алмаймыз.
Мені карантин аймағына алдын ала ескертусіз жіберді. Кешкі алтыда телефон соғып, екі сағаттан соң сонда болуым керек екенін айтты. Ал мен ол кезде жұмыстан енді келіп едім. Жиналып, провизор стационарына бардым.
Мені карантин аймағына алдын ала ескертусіз жіберді. Кешкі алтыда телефон соғып, екі сағаттан соң сонда болуым керек екенін айтты. Ал мен ол кезде жұмыстан енді келіп едім
Мені карантин аймағына алдын ала ескертусіз жіберді. Кешкі алтыда телефон соғып, екі сағаттан соң сонда болуым керек екенін айтты. Ал мен ол кезде жұмыстан енді келіп едім
Провизор жерлері — коронавирусты жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған не шетелден вирусты жұқтырып келген азаматтарды қабылдайтын жатақхана мен аурухана. Стационардан кемі он төрт күн бойы ешкім ешқайда шықпайды. Медициналық құрал не азық-түлік берілген кезде ғана есік ашылады. Сыртта полицей қызметкерлері күзетіп жүреді.
Әдетте медқызметкерлердің арасында ұйымдастыру шараларына жауап беретін әрі науқастың хал-жағдайын бақылайтын дәрігер, оған көмектесетін медбикелер және бөлмелердің дезинфекциясына жауапты санитар қызметкер кіреді. Біз науқастармен бірге карантинде отырамыз.
Мен 24 сағат бойы 17 науқасқа қарап, жағдайын бақылаймын. Күніне екі рет дене қызуын өлшеймін, қай жерінің ауырғанын сұраймын. Карантин уақыты бітерде пациенттен соңғы анализ аламыз. Егер нәтижесі теріс болса, соңғы екі аптада аурудың белгілері байқалмаса, пациентті карантин аймағынан жалпы қалалық карантинге жібереміз.
Отбасым мен достарымнан жырақта, науқастармен бірге карантинде отырмыз. Пациенттің үмітін арқалаған қиын екен. Мен — оларды облыстық денсаулық сақтау департаментімен байланыстырушымын. Егер науқастың сұрағы болса, облыстық мекемеге телефон шалып, жауабын сұраймын. Бірақ ол жақтағы қызметкерлер жауап бере алмауы мүмкін. Сөйтіп екі ортада мен пациенттің көңілін қалдырамын. Ал мен жай ғана дәрігермін ғой, облыстық мекеменің неге жауап бере алмағанын мен қайдан білейін.
Бұл фильмдегідей ғой. Аса маңызы жоқ кейіпкердің ешкімге қажетсіз қабілеті болады. Бірақ күндердің бір күнінде басқаларды құтқару жалғыз сол кейіпкердің ғана қолынан келеді
Бетперде мен қолғап бізде жетеді. Ауруханада қалай екенін білмеймін, оларда да молынан бар деп үміттенемін. Бірақ қорғаныс киімін бірнеше рет қолданамыз, саны шектеулі. Антисептик тез бітеді, күнделікті тапсырыс беріп отырамыз.
Тоқаевтың бұйрығы бойынша, карантин аймақтарында не ауру жұқтыруы мүмкін пациенттердің қасында жұмыс істейтін тұлғалардың айлығына ақша қосылады. Сәуірдің бірінде айлығым бұрынғы мөлшерде түсті. 20 сәуірден кейін үстемақы беріледі деген, күтіп жүрмін. Вирус жұқтырғандармен не олармен қарым-қатынаста болғандармен жұмыс істеу қауіпті. Медқызметкерлер де отбасылы адамдар ғой.
Қазір халық дәрігерден физикалық тұрғыда мүмкін емес нәрсе күтеді. Бізге деген қарым-қатынастың өзгергенін сеземін. Бұрын халық медиктерді қарапайым адам санайтын, қазір сыйластықтың артқаны байқалады. Бұл фильмдегідей ғой. Аса маңызы жоқ кейіпкердің ешкімге қажетісіз қабілеті болады. Бірақ күндердің бір күнінде басқаларды құтқару жалғыз сол кейіпкердің ғана қолынан келеді. Біз — қазір осы кейіпкердейміз.
Карантинде Қазақстандықтар әлдеқайда шыдамды болады деп үміттенемін. Үнемі итальян халқы мен қазақтарды ұқсататынмын. Екеуі де темпераментімен әрі бір-біріне қонаққа барғанды жақсы көретінімен ерекшеленетін халық қой. Бұл Италияда коронавирустың таралуына әсер етті. Қытай инфекцияның өршуін қатаң тәртіп пен оқшауланудың арқасында тоқтатты. Сондықтан Қазақстанға да қатаң карантин керек деп есептеймін.
Мен отбасымда жалғыз дәрігер болғасын туған-туысқандарым мені мақтан тұтады. Әрине, басында ата-анам қорықты, әйелім жібергісі келмеді. Бірақ ол да дәрігер болғандықтан жасап жатқан ісімнің дұрыс екенін түсінеді. Менің альтруист екенімді біледі. Мен халыққа керекпін. Сол үшін де медицинаны таңдағын шығармын.
Алдияр
Алматы
Біздің клиника — коронавирус жұқтырған пациенттермен Қазақстан бойынша бірінші боп жұмыс істеген мекемелердің бірі. Жұмыс үрдісі мынадай: коронавируспен тіркелген науқасты бөлек ауа айналымы жүйесі мен бөлек есігі бар боксқа кіргізеді (әртүрлі жұқпалы аурулармен ауыратын науқастарды емдеуге арналған аурухананың құрылымдық бөлімшесі — Ред.). Ауруды жұқтырып алмау үшін медқызметкерлер хирургиялық бетперде, респиратор, обаға қарсы костюм, аяққап, қолғап киеді. Мұндай қорғаныс материалдары әр алты сағат сайын ауыстырылуы керек.
Басында ауруханада қорғаныс материалдары жетіспейтін еді. Сондықтан оларды бірнеше апта бойы киетінбіз. Медқызметкерлерді мұндай тәуекелге апару адамгершілікке жатпайды. Қорғаныс материалдарының жетіспеушілігінен біздің бөлімшеде үш дәрігер коронавирус жұқтырып алды. Ал бүкіл ғимарат бойынша қанша әріптесімнің COVID-19 инфекциясымен тіркелгенін білмеймін, менде ондай ақпарат жоқ.
Инфекцияның таралуын тоқтату үшін тәуекелге бел будым. Мансабым, денсаулығым мен өмірімді қатерге тігуге дайынмын
Инфекцияның таралуын тоқтату үшін тәуекелге бел будым. Мансабым, денсаулығым мен өмірімді қатерге тігуге дайынмын
Инфекциялық аурухананың дәрігер, медбике, санитар сияқты қызметкерлері түрлі инфекциямен жұмыс істейтіндіктен олар үшін коронавирус жұқтыру қаупі жоғары. Бұл індет пневмонияны тудырады, ал біздің өкпеде шартты-патогенді микрофлора, яғни бактерия көп. Вирус секілді қоздырғыш ішке түссе, инфекция тез пайда болады.
Коронавирус жұқтырған 47 жастағы әріптесімнің қазір жағдайы шамалы, пневмониямен ауырып жатыр. Кез келген уақытта оның халі нашарлап кетуі мүмкін. Аурудың белгілері пайда болмастан бұрын ол үйіне барып қайтты. Күйеуі де, баласы да вирусты жұқтырып алған. Бұл — мен үшін өте қоқынышты жағдай. Жақындарым да мені уайымдайды, себебі вирустың қаншалықты қауіпті екенін біледі.
Бір жарым апта бұрын атқарған соңғы кезекшілігімде обаға қарсы костюмдер әкелініп жатты. Дәрігерлерге жетеді, бірақ емхана жұмысшылары мен жедел жәрдем фельдшерлеріне жетуі екіталай. Медқызметкерлердің арасында коронавирус тарап кете ме деп қорқамын, олар болмаса, науқасты емдейтін адам қалмайды.
Медқызметкерлердің арасында коронавирус тарап кете ме деп қорқамын, олар болмаса, науқасты емдейтін адам қалмайды
Бірінші санатты (инфекциялық стационардағы) медқызметкерлерге коронавируспен күрес кезеңінде Денсаулық сақтау министрлігі айына 850 мың төлейтінін айтқан еді. Екі апта бұрын әркімге әртүрлі соммада қаражат түсті. Бұл қаражат негізгі жалақыға қосымша үстеме боп қана келді. Мысалы, мен 108 мың теңге ғана алдым.
Бұл жағдайды шешу үшін интернетте шу көтердік, Денсаулық сақтау министрі мен президентке ашық хат жолдадық. Елжан Біртанов фейсбуктағы парақшасында денсаулық сақтау басқармасы министрдің үстеме туралы сөзін дұрыс жеткізбегенін жазды. Сондықтан бізге жұмыс істеген сағатымыздың ғана ақысы төленіпті.
Қазір медқызметкерлер қонақүйге орналастырылды. Сондықтан туған-туысқандарға вирус жұқтырамыз деп қорықпауға болады. Ауруханаға қажет материалдың келіп-келмегенін білмеймін. Жұмысқа шықпағаныма екі аптадан асты.
Басқа қалалардағы дәрігер достарым қорғаныс материалдарының жетпейтінін айтып жатыр. Шымкенттегі танысым медиктердің хирургиялық бетперде мен қолғапты өздері тігіп алып, бөлімшелерді тексеріп жүргенін айтты. Бұл қауіпті, себебі инкубациялық кезеңде олар вирусты жұқтырып, басқаларға таратуы мүмкін.
Соған қарамастан бұл саланы таңдағаныма бір де бір рет өкінген емеспін. Инфекцияның таралуын тоқтату үшін әлі де тәуекелге бел бууға, мансабым, денсаулығым мен өмірімді қатерге тігуге дайынмын. Басқалар мені, біріншіден, адам ретінде, одан кейін дәрігер ретінде көрсе екен деймін. Денсаулық сақтау министрлігінің мені қолдағанын қалаймын.
Ал қазақстандықтардан үйден жөнсіз шықпауын, гигиенаны сақтап, бетперде мен қолғапты ережеге сай киіп-шешуін өтінемін. Бетперде мен қолғапты пайдаланудың шарттарын сақтамау — оны кимегеннен де зиян. Қырағы болуыңызды, ауырмауыңызды тілеймін.
Комментарии
Подписаться