Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтың хабарлауынша, 21 сәуірден бастап infoalmaty.kz пен «Сергек» базалары біріктіріледі. Бұл туралы Информбюро хабарлады

Порталда тіркелген әрі салық органдары белгілеген адам санынан аспайтын барлық кәсіпорын өкілі қызметтік қажеттіліктері бойынша жүріп-тұра алады. Рұқсаттың бар-жоғын порталдан тексеруге болады. 

Ал қызметкерлер мен автокөліктердің саны салық органдарының белгілеген нормасынан асатын компаниялар өздігінен қызметкерлер санын қысқартып, реттеуі керек. 

Алматыда жұмыс істейтін, бірақ қалада тіркелмеген 214 кәсіпорынға жұмыс істеуге әрі жүріп-тұруға рұқсат беріледі. Рустам Жүрсіновтың айтуынша, өтініш жіберіп үлгермеген қала сыртындағы компаниялар штабпен байланысуы керек. 

Алматыда құрылыс, өнеркәсіп пен қойма жұмыстарымен айналысатын кәсіпорындар өндірістегі санитарлық нормалар тексерісінен өтуі тиіс. Штаб комиссиясы өтінішті мақұлдағаннан кейін олар бірден қала бойынша жүріп-тұруға рұқсат алады. 

Айта кетейік, 15 сәуірде Мемлекеттік комиссия 20 сәуірден бастап Астана мен Алматыда жұмысын қайта жандандыратын кәсіпкерлік субъектілердің тізімін бекітті.


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз