Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, Қазақстанның авиация әкімшілігі «Бек Эйр» акционерлік қоғамының ұшу сертификатын қайтарып алды. Жоспардан тыс тексеріс кезінде әуе компаниясынан табылған қателер мен олқылықтарды дұрыстауға жарты жыл берілген еді. 

«Бек Эйр» акционерлік қоғамы «Қазақстанның авиация әкімшілігі» акционерлік қоғамының көрсеткен түзетулерін орындамағандықтан «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңның 12-бабының 5-тармағына, 16-9-бабының 2-тармағының 10-тармақшасына сәйкес «Бек Эйр» акционерлік қоғамының сертификаты кері қайтарып алынды», - деп хабарлады ААК.

Сонымен қатар, «Бек Эйр» акционерлік қоғамының барлық, яғни тоғыз ұшағының ұшу сертификаты қайтарылды.  

Енді Әуе кеңістігін пайдалану және ұшу сертификаттын алу үшін компанияға толықтай сертификациялаудан қайтадан өту керек болады.

Бұған дейін «Қазақстанның авиация әкімшілігі» Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп «Бек Эйр» әуекомпаниясының қызметіне жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Оның қорытындысы бойынша ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін өрескел қателіктер анықталды. Әуекомпанияның Rolls Royce-авиациялық қозғалтқыштарын зауытпен келісімшартсыз пайдаланғаны және әуе кемелері қозғалтқыштарының жай-күйі туралы мәліметтерді алмағаны анықталды. Сондай-ақ, тексеру нәтижесінде әуекомпания ұшқыштарға авиациялық қауіпсіздік және қауіпті жүктерді тасымалдау бойынша қайта даярлау курсын аяқтағаны туралы ресми сертификат бермегені белгілі болды.

Тексеріс нәтижесі әуеакомпанияға жіберілді. Хат алғаннан кейін Bek Air компаниясы 10 күн ішінде Қазақстанның Авиациялық әкімшілігіне барлық қатені түзеу жоспарын ұсынуы тиіс болатын. Егер олар алты ай ішінде жойылмаса, пайдаланушы сертификаты мен әуе кемелерінің ұшу жарамдылығы сертификаты кері қайтарылуы керек болатын.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында сағат 07:22-де Бэк Эйр әуекомпаниясының Алматы-Астана бағытымен ұшқан ұшақ биіктей алмай, бетон қоршауды тесіп өткен еді. Апатта 12 адам қаза болды, 50-ге жуық адам жарақаттанды. 


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз