Қарағанды облысының маңында құлаған МиГ-31 ұшағының бір ұшқышының жағдайы орташа деп бағаланып отыр, екіншісінің халі қанағаттандырарлық. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

«Ұшақ апаты орнына алғаш болып Қазақстан Әскери-әуе күштерінің іздестіру-құтқару қызметі келді. Оқиға орнында ұшқыштарға алғашқы медициналық көмек көрсетілді, одан кейін Қарағандының ауруханасына жедел түрде жеткізілді. Қазірде ұшқыштарға қажетті медициналық көмек көрсетілген. Ұшқыштардың бірінің жағдайы қанағаттанарлық, екіншісінің халінің ауырлығы орташа деп бағаланды», - деп хабарлады министрлік.

МиГ-31 жойғыш ұшақты А. Құрманғалиев пен И. Гаврилко басқарған. Екеуі де тәжірибелі ұшықтар. Құрманғалиев әуеде 888 сағат ұшқан болса, Гаврилконың тәжірибесі 1161 сағат. 

Ведомствоның тағайындалған комиссиясы авиациялық оқиғаны тексеруге кірісті. Оқиға орнына Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы және Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы ұшып шықты.

Министрліктің айтуынша, апатқа ұшыраған ұшақ 1991 жылы шығарылған. 

Еске сала кетейік, 16 сәуірде кешке Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің МиГ-31 ұшағы Қарағанды маңында апатқа ұшырады. Ұшқаннан кейін қозғалтқыштардың бірінде өрт шыққан. Катапульттелуге рұқсат алған соң әскери ұшқыштар халыққа қауіп төндірмейтініне көз жеткізіп, ұшақты елді мекеннен әрі бағыттап,  катапульттелді.

Бұл  Қазақстанда апатқа ұшыраған төртінші МиГ-31. Осыған дейін 2007, 2008, 2013 жылдары да бұл ұшақ құлаған.


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз