Алматыда 30 маусымға дейін көпшілікке арналған мәдени шаралар болмайды. Коронавируспен күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың хабарлауынша, бұл шешімді қала әкімдігі қабылдады. 

«Қазақстанның ең үлкен мегаполисінде жоспарланған ірі мәдени шаралар жергілікті биліктің шешімімен маусымның соңына дейін болмайды. Мұның бәрі тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау және қалада коронавирустың таралуына жол бермеу үшін жасалып жатыр», - делінген хабарламада.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, коронавирустың таралуын ескере отырып, Алматы экономикасы мен әлеуметтік өндіріс саласы кезең-кезеңімен қалыпқа келеді. 

Естеріңізге сала кетейік, Алматы 22 наурызда карантинге жабылған еді. Ал бір аптадан соң карантин режимі күшейтілген болатын. Енді өнеркәсіптік және құрылыс компаниялары 20 сәуірден бастап жұмысқа оралады. 

Бүгінге дейін Алматыда 398 адам коронавируспен тіркелді, үш науқас көз жұмды, ал 67 адам инфекциядан жазылды. 


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз