Алматыда коронавирусты анықтайтын тест 218 медицина қызметкерінде оң нәтиже көрсетті. Оның 182-сі  Алматы қаласының орталық клиникалық ауруханасының қызметкері. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев хабарлады. Эпидемиологиялық зерттеу жүріп жатыр. Қаланың Орталық ауруханасы дезинфекциялық өңдеу жұмыстары жүргізілетіндіктен жабылды. 

«ОҚКА-да ем алып жатқан науқастардың бәрінен, яғни 216 адамнан коронавирусты анықтайтын анализ алынды. Оның 18-інде COVID-19 анықталған. Бұл диагноз расталған медицина қызметкерлерінің саны  218. Оның 182-сі ОҚКА-ның, 30-ы Орталық клиникалық балалар ауруханасының медқызметкерлері. Вирусты жұқтырған тағы екі адам жедел жәрдем станциясында, бір қызметкер №1 қалалық клиникалық ауруханада жұмыс істейді. №11, №33, №12 емханаларында да бір қызметкер коронавируспен тіркелген. Кеше кешке дейін екі медициналық қызметкердің халі ауыр болды. Қазір олардың жағдайы жақсарды, халі орташа деген санатқа ауыстырылды. Жалпы, 25 медицина қызметкерінің халі орташа санатта, қалғандарының жағдайы қанағаттандырарлық», - деді ол.

Қазірде Алматыда 370 адамда коронавирус анықталған. Оның алтауы бала, үшеуі жүкті әйел. Стационар емінде 311 науқас бар. Қалада коронавирустан екі өлім дерегі тіркелді, ал 58 адам жазылып шықты. Вирусты жұқтырған 253 адамның жағдайы қанағаттандырарлық, 55 науқастың халі орташа, ал үш адам өте ауыр жағдайда деп бағаланды. 


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз