Дүниежүзінде коронавирус пандемиясының таралуына байланысты карантин жарияланғалы тұрмыстық зорлық-зомбылық саны күрт артты. Жәбірлеушімен бір шаңырақ астында тұруға мәжбүр болған адамдар қалай қорғана алады? Қоғам белсендісі мен заңгердің пікірін білдік. Материалдың соңына БҰҰ-ның пайдалы нұсқаулығын да бекітіп қойдық.

БҰҰ-ның хабарлауынша, мәжбүрлі карантин кезінде көп елде отбасыдағы зорлық-зомбылық салдарынан әлеуметтік көмек сұрап, құзіретті органдарға хабарласқан әйелдердің саны үштен бірге, кей жағдайда екі есеге артқан. Осы орайда БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гуттериш барлық елдің билігіне үндеу жасады. Ол COVID-19 пандемиясына қарсы күрестің негізгі мақсаттарына әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықпен күресу жолдарын енгізуді ұсынды.

Жағдай бүкіл әлемде ушығып тұр. Франция ІІМ басшысы Кристоф Кастанердің айтуынша, карантин жарияланған уақыттан бері елде тұрмыстық зорлық-зомбылық саны  30%-ға артқан. Париждің өзінде көрсеткіш 36%-ға көбейген. 

Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңында зорлық-зомбылық түрлері төмендегідей:

 Тұрмыстық зорлық-зомбылық күш көрсету, психологиялық, сексуалдық және (немесе) экономикалық зорлық-зомбылық түрінде болуы мүмкін.

Күш көрсету зорлық-зомбылығы  дене күшін қолданып, денені ауыртып денсаулыққа қасақана зиян келтіру.

Психологиялық зорлық-зомбылық  адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау немесе  өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттер жасау. Сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту де психологиялық зорлық-зомбылық болып табылады.

Сексуалдық зорлық-зомбылық  адамның жыныс мүшесіне қол сұғу немесе жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет. Сонымен бірге, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер.

Экономикалық зорлық-зомбылық  адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру.

Лейла Махмудова

«ФемАгора»-ның негізін қалаушыларының бірі


Біздің заңнама бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық деген  белгілі бір отбасылық қарым-қатынастағы адамдар арасында шиеленіс орнап, оның нәтижесінде пайда болған физикалық, психологиялық және эмоционалды қысым. Ол ерлі-зайыптылар арасында ғана емес, аға, әпке немесе балалар секілді барлық туыстық қатынастар арасында да болуы мүмкін. Яғни бір үйде тұратын адамдар бір-біріне кесірін тигізсе, бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық деп танылады. Егер екі жұп заңды некеде тұрмаса, онда олардың арасындағы қысым тұрмыстық зорлық-зомбылық болып саналмайды.

Күйеуіңіз сізді кемсітіп, жиһазды сындырып, сізді ұрса, оны видео не суретке түсіру қажет. Бұл полицияда арызыңызды негіздеуге көмектеседі

Зорлық-зомбылықтың ең жиі кездесетін түрі – физикалық зомбылық. Психологиялық қысым арқылы да тұрмыстық зорлық-зомбылық орнауы мүмкін. Ол көбіне кемсіту, қысым көрсету, «құның жоқ» деп айғайлау сияқты әрекеттерден тұрады. Мұның барлығы жүйелі түрде қайталанып отырса, ол тұрмыстық зорлық-зомбылық болып есептеледі.

Егер сіздің күйеуіңіз сізді кемсітіп, жиһазды сындырып, сізді ұрса, оны видео не суретке түсіру қажет. Бұл сізге полицияда арызыңызды негіздеуге көмектеседі. Үйде болған қысымды дәлелдейді. Мысалы, күйеуіңіз сізге қол жұмсаса, міндетті түрде денедегі жарақаттарды суретке түсіріп алу керек. Киімде немесе үйде қаның ізі қалса, видеоға түсіріп, болған жайт пен оның салдарының бәрін баяндауыңызға болады.

Физикалық зорлық болғаннан кейін міндетті түрде 103 нөміріне хабарласып, айту керек. Олар да сіздің жарақаттарыңызды тіркеу үшін жедел жәрдем шақырып, ауруханаға алып барады. Дәрігерлер сіздің денсаулығыңыз бен алған жарақаттарыңыз жайлы ақпаратты ресми түрде тіркейді. Көздің асты көгеріп қалуы да зомбылықтың болғанын растайды.

Сондықтан көмекке жүгіну үшін жәбірлеуші бір жеріңізді сындырғанша күтудің қажеті жоқ. Аурухана дәрігер алған зақымдарыңыз жайлы анықтама береді. Одан кейін жедел жәрдем тұрмыстық зорлық болғанын бірден полицияға хабарлауы тиіс. Егер учаскелік полицей сізге хабарласпаса, өзіңіз онымен байланысып, арыз қабылдауын сұраңыз.

Жәбірлеуші балаларға да қауіпті деп қорықсаңыз, бұл туралы арызға жазғаныңыз жөн. Күйеуіңіз балаларыңызға айғайлағанын немесе қол көтергенін көрсеңіз, онда оны видео немесе аудиоға жазып алыңыз. Өзіңізге залалы тимеуі үшін оны білдіртпей істеген жөн. Мұндай видео-дәлелді келешекте ата-ана құқығын алу үшін қолдана аласыз.

Сізге зорлық-зомбылық көрсетілсе, құқық қорғау органдарына хабарласу өте маңызды. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қылмыс деп танылмайтынын түсінемін. Оны тоқтату үшін құқық қорғау органдарының қолдауын табу ауыр. Бірақ не болса да олар қабылдайтын әрбір арыз міндетті түрде тіркеледі. Осылайша көп әйел арыз жазса, біз Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың шынайы статистикасын білеміз. Ал статистиканың нәтижесі парламенттің тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды қайта қарастыруына және оны қылмыстық жаза ретінде тануына себеп болар еді.

Бізде кей кезде әйел өзі арандатты, дұрыс істемеді деп жатады. Мұндай сөздер ешқашан зорлықты ақтай алмайды

Зорлықта әрқашан жәбір көрсетуші кінәлі. Сондықтан Үнемі алдымен құрбанды тыңдау керек. Себебі зорлықтың қай түрі болса да психологиялық азап шегетін  жәбірленуші. Оның жағдайы онсыз да осал, ол қауіпсіздікті сезбейді. Сондықтан егер құқық қорғау органдары немесе куәгерлер жәбірленушіні қолдамаса, ол одан да қауіпті жағдайға тап болады. Өкінішке қарай, қазір бізде қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген. Жәбірленуші зорлық жайлы полицейлерге айтса, оның агрессордан оқшаулануы екіталай.

Бізде кей кезде әйел өзі арандатты, дұрыс істемеді деп жатады. Мұндай сөздер ешқашан зорлықты ақтай алмайды. Ол – қылмыс. Әйел өзі бірінші зорлық көрсетіп арандатпаса, оның мінез-құлқы мен іс-әрекеті қылмысты ақтамайды. Зорлық-зомбылықтың неден пайда болғанын түсіну үшін агрессорға назар аударып, оның не үшін қысым жасайтынын анықтау керек. Ол психологиялық ауытқуы бар адам болуы немесе әйел мен еркектің рольін түсінбеуі мүмкін. Сондықтан ешқандай жағдайда себепті жәбірленушіден іздеудің қажеті жоқ.

Айжан Дәрібаева

ШҚО адвокаттар алқасының мүшесі


Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. ҚР әкімшілік құқық бұзу Кодексінің «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» туралы 73-1-бабының 1-1-тармағы бойынша құқық бұзушымен отбасылық-тұрмыстық қатынастарда тұратын адамға қатысты жасалған әрекеттер ескерту жасауға немесе он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынады.

Ал «Ұрып-соғу» туралы 73-2-бабы бойынша құқық бұзушымен отбасылық-тұрмыстық қатынастарда тұратын адамға қатысты жасалған әрекеттерді дәлелдеу үшін міндетті түрде полицияға барып немесе учаскелік полиция қызметкерін шақырып, сот-медициналық экспертиза өту үшін қаулы алуыңыз керек. Қаулымен арнайы сараптама жасалады, қорытындысы полицияға жіберіледі. Сол қорытындымен сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасалғанын дәлелдей аласыз.

Зорлық-зомбылыққа душар болған жандарға «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар» басқармасына баруға болады

Заңға енгізілген биылғы өзгерістер жағдайды қиындатты. Бұл өзгеріс бойынша бірінші рет түскен арыздан соң жәбір көрсеткен адамға ескерту ғана беріледі. 

Зорлық-зомбылықтың куәгері болсаңыз, полиция шақыруға кеңес беремін. Жаныңызда ұялы телефон болса, жағдайды түсіріп алуға тырысу керек. Өйткені тұрмыстық зорлық-зомбылық отбасыда туатындықтан, құқық қорғау органдары келген кезде бір тарап зорлық-зомбылықтың болғанын мойындамай, екінші тарап қорыққаннан үндемеуі мүмкін. Сондықтан полицияны себепсіз шақырды деп жазаға тартылмас үшін дәлеліңіздің болғаны абзал. 

Зорлық-зомбылыққа тап болған жандарға «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына» баруға болады. Өйткені әрбір әкімшілікте осындай орган жұмыс істейді. Ауыр жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықтар бар. Жағдай шешілгенше немесе құжаттарыңыз болмаса, басқа да себептер бойынша сонда қала аласыз. Әр аймақта орналасқан жергілікті дағдарыс орталықтары да көмектесе алады.

Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз, төмендегі нұсқаулықты пайдаланып, байланыс телефон нөмірлеріне хабарласыңыз.


Мәтін: Дастан Аққожа