Алматыда коронавирустан бір адам қайтыс болды
Төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың мәліметінше, бүгін Алматыда коронавирустан бірінші өлім дерегі тіркелді. Ол — елімізде COVID-19 инфекциясынан көз жұмған тоғызыншы адам. Бұл туралы Vласть хабарлады.
Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев бүгінгі брифингте коронавирустан қайтыс болған науқастың бірнеше созылмалы аурумен ауырғанын айтты. Оның коронавирус жұқтырғаны 16 наурызда белгілі болған.
«Кеше сағат 23:50-де Алматыда өкпені жасанды жолмен желдету аппаратына қосылған, ауыр халдегі науқас қайтыс болды. Әйел адам коронавирусты қарым-қатынас негізінде жұқтырып алған. Өкпенің созылмалы обструктив ауруы, жүректің созылмалы жеткіліксіздігі мен жүректің ишемиялық ауруы, стенокардия, артериялық гипертензия ауруларына байланысты ол 18 наурызда реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне орналастырылды», — деді Әбілдаев.
Оның айтуынша, қарқынды терапияның өткеніне қарамастан науқастың жағдайы «полиоргандық жеткіліксіздіктен, тыныс алу, жүрек-қантамыр жетіспеушілігінің асқынғанынан нашарлай берді».
«9 сәуірде аурулары асқынғандықтан сағат 23:20-да науқастың қан айналымы тоқтап қалды. Жарты сағат бойы жүргізілген реанимациялық шаралар нәтижесіз болып, 23:50-да өлім дерегі тіркелді. Негізгі диагноз расталған COVID-19. Екі жақты полисегментті пневмония. Екі жақты плеврит. Өкпенің ісінуі, Лайелла синдромы», — деді ол.
Әбілдаевтың айтуынша, ол 13 наурызда тіркелген ең алғаш науқастардың бірімен байланыста болған. Сондықтан ол тығыз қарым-қатынаста болған науқас ретінде ауруханаға жатқызылды. Кейін стационарда оның вирусты жұқтырғаны анықталған еді.
Айта кетейік, бүгінде елімізде 802 адамда коронавирус анықталды. Оның 60-ы аурудан айықты, ал тоғыз науқас көз жұмды.
Біздің Telegram-каналға жазылыңыз
Комментарии
Подписаться