QazaqshaГермания, Испания, Америка коронавируспен қалай күресіп жатыр?
Шетелдегі қазақстандықтар хал-ахуалды айтып берді
Коронавирус жұқтыру дерегі ең көп тіркелген елдер бестігіне АҚШ, Испания, Италия, Германия, Қытай кіреді. Қазір АҚШ-та 450 мыңнан астам жағдай, Испанияда 150 мыңнан астам, Германияда 118 мың ресми жағдай анықталды. Осы елдерде тұратын қазақстандықтармен хабарласып, хал-ахуалды білдік.
Амина Мирсакиева
Германия, Штутгарт
Алыстағы Уханьда пайда болған коронавирус Германияға жететіні жергілікті халықтың үш ұйықтаса түсіне кірмеген жайт еді. Сондықтан елде вирус жұқтырған бірінші науқас тіркелгенде көбі оқиғаны салмақты қабылдай алмай, сенімсіздік танытты. Алғаш жағдай қаңтардың соңында тіркелгенімен эпидемия бірнеше аптадан кейін ғана басталды. Вирус жұқтырғандар санын бірден күрт арттырған — Карнавал мейрамы. Германияның Майнц, Кельн қалаларында бұл мейрам кеніңнен тойланады. Шетелден COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар карнавалда вирусты өзгелерге таратып, жағдайды ушықтырып жіберді.
Мемлекет басынан дұрыс шаралар атқарды деп санаймын. Адамдарды коронавирус бар-жоғын тексеретін тесттен өткізуді бірден қолға алды. Роберт Кох институтының сайтыннан елдегі коронавирус жұқтырған науқастар мен айыққандар саны және тағы басқа деректерді білуге болады. Министрлік өкілдері әр сұхбатында өздерін нық сенімді ұстап, журналистердің халық арасында үрей толқынын туғызуына жол бермеді. Неміс үкіметінің мән-жайды анық түсіндіріп, алдағы әрекеттерінен хабар беріп отыруы арқасында өзімді бірінші күндерден-ақ қауіпсіздікте сезіндім.
Індет елде кең таралған кезде мемлекеттің нұсқауынсыз көп компания жұмысшыларын босата бастады. Яғни әртүрлі федералдық облыстар карантин жариялағанда халықтың біраз бөлігі онсыз да карантинде еді. Мен үш аптадан бері жұмысты үйден істеп жүрмін, ал карантиннің жарияланғанына екі жарым апта болды. Міндетті түрде жұмысқа баруы тиіс адамдар қызметін толық жалғастыра береді. Тек қызметкерлер күнтізбе бойынша әртүрлі күнде барады.
Италиямен, Франциямен салыстырғанда біздегі карантин режимі қатал емес. Әр адамның еркіне негізделген оқшаулану режиміне көбірек ұқсайды. Адамдарға далаға шығуға, саябақта серуендеуге рұқсат бар. Дегенмен балалар ойнайтын алаңқайлар, сауда орталықтары жабық. Тамақтанатын орындардың көбі жұмысын тоқтатқанымен, шағын пиццериялар, дәмханалар take away форматында жұмыс істейді. Бір ғана адам ішке кіріп, тапсырыс бергенше қалғандары сыртта кезегін күтеді.
Карантин бірқалыпты өтіп жатыр. Мәселен, мен күні бойы үйде жұмыс істеймін, бірақ кешке қарай орманға серуендеуге шығамын. Жол бойында адамдарды кездестіре қалғанда, біз бір-бірімізді айналып өтеміз
Карантиннің алғашқы аптасында дәретхана қағазына, ұнға, консервілерге, ет өнімдеріне, томас пастасына дефицит болды. Бірақ қазір арада екі-үш апта өткенде дүкендер мәселені оңтайлы шеше алды. Әзірге ештененің бағасы көтерілмеді. Мүмкін онлайн ритейлерде азық-түлік, маска, санитайзерлер қымбаттаған шығар. Бірақ супермаркеттерде баға сол қалпы. Қызығы, өткен аптада барлық ет түрлері 10 %-ға арзандады. Дүкендердің бұрынғы бағаны қайтарып қана қоймай, сонымен қатар қалыпты әдетіне оралғаны қуантады. Біз бірнеше айдан кейін жеміс-жидектер немесе көкөністердің қымбаттайтынын болжап отырмыз.
Карантин бірқалыпты өтіп жатыр. Мәселен, мен күні бойы үйде жұмыс істеймін, бірақ кешке қарай орманға серуендеуге шығамын. Жол бойында адамдарды кездестіре қалғанда, біз бір-бірімізді айналып өтеміз. Адамдар шынайы ілтипат көрсетіп, жол береді. Мемлекет азаматтардан барынша үйде отыруын өтінгенмен полиция олардың әр қадамын қадағаламайды. Заң жүзінде тыйым салынған жалғыз әрекет — екі адамнан көп боп жиналу. Солай бола тұра тәртіп бұзсаңыз, полиция артыңыздан жүгіріп, айыппұл жазып береді деп айта алмаймын. Халықтың көпшілігі саналы түрде ережені бұзбауға тырысады. Елдегі ахуалдың мәз еместігі соншалық, адамдардың кеш ұйымдастырып, көңіл көтеруге құлшынысы жоқтың қасы. Бірақ достарымнан кейбір ауданда тұрғындардың белгіленген ережелерге бағынбайтынын естідім. Менің ойымша, тек Германияда ғана емес, әлемнің басқа елдерінде де мұндай оқиға болады.
Коронавирустан негізгі қорғану амалым — оқшаулану. Алғашқы 15 күн мен мүлде далаға шықпадым. Содан кейін басқа пәтерге көшуіме байланысты сыртқа шығуыма тура келді. Адамдармен тек онлайн сөйлесемін және телефонды бетіме жақындатпай, құлаққап қолдануға тырысамын. Бөлмені екі сағат сайын желдетемін. Қолымды жиі жуу — бұрыннан қалыптасқан әдет. Бұдан бөлек қолыма крем жағамын, себебі зақымдалған теріге вирус, бактерия жеңіл өтеді.
Қазіргі жағдайдың кесірінен Қазақстанға сапарымнан бас тарттым. Отаныма бара алмағаным өкінішті. Бірақ биыл күзде барамын деп үміттенемін. Еуропада көктем ұзақ демалыстарға толы. Сол кезге орай Еуропаның басқа қалаларында тұратын достарыма баруды жоспарлаған едім. Оларды көре алмайтыным көңіліме біраз қаяу салады.
Коронавирусқа Испания халқының алғашқы реакциясы әртүрлі болды. Біреулер бұл вирус Испанияға келетініне соңғы сәтке дейін сенбеді. Уақытынан бұрын байбалам салып, тамақты шамадан тыс алған жандар да табылды. Дегенмен халықтың басым көпшілігі ахуалды сабыр сақтап, әзілмен қабылдауға тырысты.
Испания мен көрші Италияда құрбандар санының көп болуы жергілікті халықтың ұзақ өмір сүруімен байланысты. Мұнда орташа жас ұзақтығы 83-85 жас. Елде 100-ге жеткен адам өте көп. Коронавирустан қайтыс болған алғашқы әйел 99 жаста еді. Барлық адамның белсенді өмір салтын ұстануы да инфекцияның кеңінен таралуына үлкен әсер етті. Испаниялықтарға үйде отыру — жат қылық. Саябақта серуендеу, барда не террасада отырып кофе ішу — күнделікті қалыпты іс. Табиғатынан ашық-жарқын испаниялықтар кез келген бейтаныс жанмен тез тіл табысады. Бір қабатта тұратын көршісімен, көшедегі наубайханашымен әңгіме-дүкен құру, саябақтағы өзге баламен сөйлесу әркімнің күнде екі сағатын алады. Сонымен қоса сыртта үнемі күн күлімдеп тұрғанда үйде отыру мүмкін емес еді. Вирус болғанына қарамастан, барлығы серуендеп, бір-бірімен араласты.
Махаббат Төлеуғазина
Испания, Мадрид
Балабақшалар, мектептер және университеттер 11 наурыздан бері жабық. 13 наурыз күні Премьер-министр Педро Санчес төтенше жағдай жариялап, супермаркет пен дәріханадан өзге жерлерді жауып тастады. Қазір бәріміз мемлекеттің карантиндік шараларды ертерек қабылдауы керек болғандығын жақсы түсінеміз. Бірақ «болары болды, бояуы сіңді», құр өкінгеннен не пайда?
Басында бізді карантинге екі аптаға жіберді. Кейін 12 сәуірге дейін созды. Қазір карантин 26 сәуірге дейін тағы ұзартылды. Карантин жарияланғанда жұртта айтарлықтай паника болмады. Адамдар әдеттегіден көбірек тамақ алуға жанталасты. Мен азық-түлік жеткізуде проблема туындайтын шығар деп ойладым. Бірақ жорамалым қате болып шықты. Дүкенде азық-түлік мол. Сүйікті йогуртым болмағанымен, басқа марканың аналогын табуға болады. Сонымен қоса гигиеналық заттардың да тапшылығы байқалмайды. Ал бірдеңе керек болса «Амазоннан» тапсырыс беруге болады. Осы орайда бір маңызды жайт: тамақ мүлде қымбаттамай, баға өзгеріссіз қалды.
Дәріханалардан маска, медициналық қолғап және дезинфекциялық гельді таба алмадым. Адамдар бетіне шарф байлап не балаклаваны (бас, маңдай мен бетті жауып тұратын бас киім —Ред.) киіп, қорғанудың өзге амалын тауып жүр.
Карантин кезінде бәрі үйінде отыр. Жақын жердегі супермаркетке, дәріханаға шығуға, қоқыс төгуге рұқсат етілген. Сонымен қоса 15-20 минутқа итті серуендетуге болады. Белгіленген шекара сақталмаса, 100 евродан 60 мың евроға дейін айыппұл беріледі. Полицияға қарсыласқан не өзге адамдардың өміріне қауіп төндірген адам бір жылға бас бостандығынан айырылады.
Күн сайын кешкі сағат сегізде барлық испаниялық өз үйінің терезесінен дәрігерлерге, медицина қызметкерлеріне қошемет көрсетеді
Дүкенге адамдар арақашықтық сақтап, кезегімен кіреді. Сатып алушылар азық-түлікті және арбаны ұстамауы үшін дүкенге кірерде күзетші бәріне бір реттік қолғап береді. Аутист балдарға ата-анасының біреуімен далаға шығуға рұқсат. Себебі күн ұзаққа төрт қабырғада қамалып отыра берсе, олардың денсаулығы нашарлап кетуі мүмкін. Ата-анасы екі қолына көк таңғыш тағып, ауруды растайтын құжатты өзімен бірге алып жүруі тиіс.
Күн сайын кешкі сағат сегізде барлық испаниялық өз үйінің терезесінен дәрігерлерге, медицина қызметкерлеріне қошемет көрсетеді. Бұл әрекет — елдегі тұрақтылықты сақтау үшін жан аямай қызмет атқарып жүрген барлық адамға алғыс актісі. Балалар да игі істен тысқары қалмай, кемпірқосақ салып, үйінің терезесіне жапсырып жүр.
Карантин балама айрықша көңіл бөліп, қасында көп уақыт өткізуге мүмкіндік берді. Күнделікті әуре сарсаңмен жүргенде уақытым жетпей жүрген біраз шаруаны тындырып үлгердім. Онлайн йогамен айналысып, қытай тілін үйреніп жатырмын. Ұлымның тәрбиешісі тәулік сайын тапсырмалар жібереді. Сондықтан ішіміз пысып жатыр деп айта алмаймын. Наурыз бен сәуір айына үлкен жоспар құрмағандықтан, бұл жағдайды күтпеген демалыс ретінде қабылдаймын. Ерте ме, кеш пе бәрі аяқталады. Қазір бастысы — үйде отыру.
Нәзира Бердалы
АҚШ, Лос-Анджелес
Вирус АҚШ-қа шамамен ақпанның басында келді. Оны 25 қаңтарда Қытай күнтізбесі бойынша Жаңа жылдың атап өтілуімен байланыстырады. Америкада тұратын көптеген Қытай азаматы Жаңа жылда Отанына барып келген еді. Дәл қазір АҚШ-тың науқастар саны бойынша көш бастап тұруын тек қана адам санының көптігімен, халықтың тығыз орналасуымен түсіндіруге болады. Мысалы, Калифорнияда 44 миллион халық бар. Техаста халық саны 30 миллионның, Нью-Йоркте 20 миллионның үстінде. Бір қала халқының өзі бүкіл Қазақстан халқымен тең. Сондықтан процентке шаққанда адам өлімі де, науқастар саны да сұмдық көрсеткіш емес.
Америкада әр штаттың заңы бөлек. Губернатордың өз бетінше шешім қабылдай алатыны көпке мәлім. Солайша, біз тұрып жатқан Калифорнияда және тағы бірнеше штатта Төтенше жағдай 6 наурызда жарияланды. Бір аптадан кейін 13 наурызда Президент бүкіл ел аумағына ТЖ режимін енгізді.
Оқу орындары, балабақша, халыққа қызмет көрсететін орындар: асхана, мейрамхана, сауда және көңіл көтеру орталықтары, саябақтар мен жағажайлар жабылды. Мемлекетаралық және қалааралық әуе, теңіз, автомобиль қатынастары тоқтады. Қала ішінде қоғамдық көлік жүріп жатыр, азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмыс істеп тұр. Жұмыс пен оқу онлайн режимге көшті. Карантин жарияланған жабық қалалар да бар. Мысалы, бізге көршілес Сан-Франциско қаласы Алматы мен Астана сияқты оқшауланды: қалаға ешкім кіріп-шықпайды, бейсауат жүрген адамға айыппұл салынады.
Біз өзіміз көшеге жиі шықпаймыз. Ара-тұра шыққанда байқайтыным: адамдарда аса үрей жоқ, бұрынғыша спортпен шұғылданатындар таза ауада жүгіріп, ит-мысықтарын серуендетіп жүреді. Баламен демалатындар да бар. Көбі маска тағады, кейбірі латекс қолғап пен көзәйнек киеді. Көшеде де, дүкенде де 2-3 метр арақашықтық сақталады. Дәл қазіргі уақытта ТЖ 30 сәуірге дейін созылды, ары қарай ұзаруы мүмкін деген болжам бар.
Бастапқы күндері паниканың әсерімен дүкен сөрелері босап қалғаны рас. Қазір бәрі бар деуге болады. Таңғы уақытта, тауар толық және таза кезде 50 жастан асқан егде адамдарды кіргізеді. Маска, санитайзер жоқ. Мұнда да масканы қолдан тігетін сатушы тігіншілер бар. Санитайзердің орнына 50% спирті бар лосьонды пайдаланып жүрміз. Бірақ қоғамдық орындар ылғалды майлық, санитайзермен қамтамасыз етілген.
Мемлекет тарапынан АҚШ азаматтарына 1000 доллар көлемінде жәрдемақы беріліп жатыр. Бұл АҚШ-та көп ақша емес, біздегі 42000-ға эквивалент десе де болады. 1000 доллар бір айға азық-түлік алуға жетер, бірақ бұл жақта пәтерақы өте жоғары әрі халықтың басым бөлігі өмір бойы жалдамалы пәтерде тұрады. Лос-Анджелес қаласында бір бөлмелі пәтер жалдау айына 2000 доллар, екі бөлмелі пәтер 3000-нан басталады.
Америка ситкомдарында көрсетілетін жағдайлар — шын. АҚШ-та әлеуметтік бағдарламалар бұрыннан жолға қойылған. Мысалы, ана мен бала денсаулығын, құқын қорғайтын WIC деген ұйым бар. Аталған жерде жүкті әйелдерге, бала емізетін аналарға және бес жасқа дейінгі балаларға ай сайын тағам түрлерін тегін береді: сүт, йогурт, ірімшік, жеміс-жидектер, жасанды сүт (смесь), балалар пюресі, ботқа т.б. Сонымен қатар студенттерге, баспанасыз жандарға, жалпы алғанда кедейлерге тегін тамақ беретін дүкендер бар. Мұндай ұйымдардың бәрі бірдей мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Жеке кәсіпкерлердің, қайырымдылық жасаушылардың үлесі мол.
Қазіргі кезде шетелдіктерге арнайы көмек жоқ. АҚШ-қа жұмыс істеу мақсатымен келгендерге қиын соғып жатыр. Шетелдіктер көбіне қызмет көрсету саласында (жүк тасу, мейрамхана, тазалық, сұлулық салондарында) жұмыс істейді. Ол салалардың бәрінде жұмыс тоқтап тұр. Жәрдемақы жоқ.
Жедел жәрдем шақырту 1500 доллар көлемінде, ауру расталмаған жағдайда оны сақтандыру қызметі төлемейді
Тоқтала кететін маңызды мәселе — АҚШ-тағы медициналық көмек. ТЖ-ға байланысты телефонға Президент Дональд Трамптың үндеуі хабарлама ретінде келді. Бір де бір жерде «короновирусқа байланысты жедел жәрдем шақырыңыз немесе жедел көмек ала аласыз» деп жазылмаған. «Өзіңізден аурудың белгісін байқасаңыз, үйде отырыңыз. Қарт адамдар ауырса, үйде отырсын» делінген. АҚШ-та медицина ақылы болғандықтан, ауруханада ұзақ жату практикада жоқ. Тіпті, ота жасалған соң келесі күні шығарып жібереді. Ауруханалар ондай есеппен салынбаған. Жедел жәрдем шақырту 1500 доллар көлемінде, ауру расталмаған жағдайда оны сақтандыру қызметі төлемейді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметіне сүйенсек, карантин вирустың түбегейлі жойылуына кепілдік бола алмайды. Карантин жарияланған елдер аурудың күрт өршуінен ұтқан уақытты осы медицина саласын оңтайландыруға жұмсауы керек. Яғни, осы бір айда біздің ел де де құр жатпай, қысқа мерзім ішінде медбикелерді, фельдшерлерді дайындауы, қолайлы жерді ауруханаға айналдыру мәселелерін қарастыра беруі керек деп ойлаймын. Жаман айтпай, жақсы жоқ.
МӘТІН: Жансая Алиева
МҰҚАБА: Hendrik Cornelissen, фотолар кейіпкерлердің жеке архивінен
Комментарии
Подписаться