QazaqshaҮйде отырып көруге болатын 15 әлемдік музей
Дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі музейлерге виртуал түрде саяхаттадық
Сальвадор Далидің театр-музейі
Фигерас
Музейді салу идеясы 1961 жылы пайда болды. Фигерастың жаңа мэрі атақты Далиден қалаға өз туындысын сыйлауын сұрады. Суретші музей салуды, жай ғана музей емес, театр-музей құруды ұйғарған. Қазір оның ғимараты — әлемдегі ең үлкен сюрреалистік экспонат, бүкіл Испанияда танымал музейлердің бірі.
Сальвадор Дали Испаниядағы азаматтық соғыстан қираған театрдың ғимаратын қайта құрды. Сахна төбесінде үлкен күмбез салынып, суретшінің түрлі жанрдағы жұмысын жинау үшін көрермендер залы бірнеше секторға бөлінді.
Театр-музей 1974 жылы 28 қыркүйекте салтанатты түрде ашылған. Экспонаттардың арасында суреттерден бөлек Далидің эксперимент нәтижелері, мүсіндері, инсталляциялары, фотосуреттері мен спектроскопиялық суреттері жиналған. Музей қорында барлығы 1500 экспонат бар.
Фрида Калоның музей-үйі
Мехико
Әйгілі мексикалық суретші Фрида Калоның құрметіне ашылған музей Койоакан ауданындағы көк түсті үйде орналасқан. 1904 жылдан бері Кало отбасына тиесілі болған бұл үйде Фрида 1907 жылы 6 шілдеде дүниеге келіп, 1954 жылы 13 шілдеде көз жұмды. Мұнда суретшінің бірнеше туындысы, жеке заттары, кітаптары мен мүсіндер коллекциясы жиналған. Сонымен қатар, Фриданың өлер алдындағы бетпердесі сол күйі кереуетінде жатыр. Атақты суретшінің күлі үйдегі бақа пішіндес сауытта сақталып тұр.
Лувр
Париж
Лувр — Париждің орталығында орналасқан Францияның ұлттық музейі. XVII ғасырдың 2-жартысында Лувр патша сарайы болудан қалып, патшаның жеке көркемсурет коллекциясын сақтау ордасына айналды. 1791 жылы Лувр ұлттық көркемсурет мұражайы мәртебесін алып, 1793 жылы 8 қарашадан бастап халыққа қызмет көрсете бастады. Мұражайда бұрынғы корольдік мұралар жинағы, сондай-ақ монастырлар мен шіркеулерден, бай әулеттерден жиналған, жалпы ұлттық мүддеге қызмет еткен коллекциялар тұр.
Ұлттық әйелдер өнері музейі
Вашингтон
Ұлттық әйелдер өнері музейі — әлем бойынша әйелдердің шығармашылына ғана арналған жалғыз музей. 1987 жылы ашылғаннан бері коллекциясында 28 мемлекеттен 800-ден астам суретшінің жұмысы жиналды. Музей ғимараты Қайта өрлеу кезеңі стилінде салынған. Ертеде масондық ғибадатхана ретінде де танылды. Мұндағы өнер туындыларын тамашалауды музейдің тұрақты жинағы орналасқан 3-қабаттан бастаған жөн. Онда XVI ғасырдан қазірге дейінгі суретші әйелдердің туындылары қойылған.
Метрополитен-музей
Нью-Йорк
«Метрополитен» өнер музейі әлемде келушілер саны бойынша төртінші орында. 150 жылдық тарихы бар бұл музей адамзат мәдениеті мен өркениетінің 6000 жылдық даму жолы туралы ақпарат береді. Музей қоры танымал тұлғалардың сыйға тартқан жәдігерлерінен жинақталған. Қазір тұрақты жинағында 2 миллионнан астам өнер туындысы бар. Қоры «Америкалық кескіндеме», «Мысыр», «Кітап мұражайы» секілді 400-ден астам бөлімнен тұрады. Ван Гогтың автопортреті, Дега, Рембрандт және Пикассоның ең үздік шығармалары жинақталған.
Эрмитаж
Санкт-Петербург
Музей 1764 жылы II Екатеринаның жеке қорының негізінде ұйымдастырылған. Қазір дүниежүзі бойынша ең ірі тарихи-мәдени музей. Онда Тас ғасырынан қазірге дейінгі үш миллионнан астам туынды жинақталған. Эрмитаж коллекциясында көркем сурет, археология ескерткіштері және нумизматикалық заттар жетерлік. Мұнда ежелгі скиф дәуірі және Қара теңіз жағалауынан табылған жәдігерлер аса құнды бағаланады. Ең қызығы, музей аумағында мысық өте көп. Көптігі сонша XVIII ғасырдан бері мұнда мысықтар музей қызметшілеріне теңестіріледі.
Польшаның Ұлттық музейі
Краков
1879 жылы негізі қаланған музей коллекциясының қалыптасуына Генрих Семирадскийдің «Светочи христианства. Факелы Нерона» суреті себеп болды. Енді ашылған музейге Генрих Семирадский туындысын өзі апарып, басқа авторларға үлгі болған. Алғаш көрме 1883 жылы ұйымдастырылды. Музей заманауи поляк суретшілерінің жұмыстарын да, тарихи туындыларды да жинаған. Коллекциясында түрлі ұлттық заттар, гравюра, қолжазба, сәндік-қолданбалы шығарма, нумизматика да бар. Сонымен бірге, бұл жерден шетелдік өнер туындыларын да табасыз.
Ұлттық орыс музейі
Санкт-Петербург
Ресейдегі ең алғаш құрылған орыс бейнелеу өнерінің музейі 1898 жылдың 19 наурызында салтанатты түрде ашылған. Жалпы территориясы 30 гектардан асады. 400 мыңнан астам экспонаты бар коллекция XVIII–XIX ғасырдың сәулет ескерткіші болып табылатын ғимараттарда орналасқан: Михайлов, Строганов, Мәрмәр сарайы мен Михайлов қорғаны. Сонымен қатар, музей комплексіне I Петрдың Жазғы бағы, Жаз сарайы мен үйшігі кіреді.
Уффици музейі
Флоренция
XVI ғасырда салынған Еуропадағы ең ескі тарихи музейлердің бірі. Музей аумағы 13 мың шаршы километр. Архитектор Вазари ғимарат ішін әрлеуге ерекше көңіл бөлген. Мұнда Медичилер әулеті әлемнің түкпір-түкпірінен жинаған сурет коллекциялары мен мүсіндерін орналастырған. Музейден Ренессанс дәуірінде өмір сүрген шеберлердің де көптеген туындысын табасыз. Картиналар қатарында Джотто, Леонардо да Винчи, Микеланджело туындылары, сондай-ақ Дюрер, Рембрандт, және Рубенс секілді шеберлердің шығармасы қойылған. Виртуал саяхат жасап, әйгілі картиналарды тамашалай аласыз.
МоМА музейі
Нью-Йорк
МоМА — әлемдегі заманауи музейлердің бірі. АҚШ бойынша келушілер санынан 3-орында әрі әлем бойынша ең үздік 20 музейдің қатарына кіреді. Негізі 1928 жылы қаланды. Музей қорында мүсін, графика, өндірістік дизайн, фотосуреттер мен фильмдер бар. Оның ішінде Ван Гогтың «Жұлдызды түні», Пикассоның «Авиньон қыздары», Матисстің «Би» туындысы көзге түседі.
Галилео музейі
Флоренция
Музей XI ғасырда салынған Кастеллани сарайында орналасқан. Мұнда Галилейдің және басқа да итальян өнертапқыштарының қолданған бірегей құрылғылары бар: циферблат, компас, армилляр шары. Сонымен қатар, қорда Галилеоның Юпитер жерсерігін ашуға көмектескен телескопы пен объектив линзасы да сақталған. Виртуал тур арқылы музей бөлмелерінде экскурсия жасаумен қатар, ғалымдардың биографиясын, құрылғылар туралы ақпаратты оқи аласыз.
Ұлттық табиғи тарих музейі
Вашингтон
Ұлттық жаратылыстану музейі 1910 жылы Смитсон институтының жанынан ашылды. Музей коллекциясында 126 миллионнан астам мәдени және археологиялық артефактілер, жануарлар мен өсімдіктер үлгісі, метеориттер бар. Ең қызығы, мұнда динозавр онтогенезі мен ертедегі адам артефактілері сақталған. Музейде 185 кәсіби маман жұмыс істейді. Тақырып бойынша бөлінген бірнеше зал бар. «Сүйектер» залында әртүрлі жануар мен құстардың сүйектері қойылған.
Ұлттық антропология музейі
Мехико
Ұлттық антропология музейі — Мехиконың, тіпті Мексиканың ең танымал музейлерінің бірі. Жыл сайын мұнда екі миллионнан астам турист келеді. Музей екі негізгі бөлімнен тұрады. Бірінші қабатта антропология секциясы, ал екінші қабатта этнография секциясы орналасқан. Әр қабатта 11 көрме залы бар. Жалпы, музей қорында майяның қазынасы, ацтек халықтарының әйгілі күнтізбесі сияқты он мыңдаған экспонат пен артефакт бар. Жексенбіде музейге кіру тегін, экскурсияның өзі де ақысыз. Ал виртуал саяхат арқылы музейді үйде отырып та толықтай көре аласыз.
Бельведер галереясы
Вена
Бельведер — Барокко стиліндегі сәнді сарай ғана емес, Густав Климт, Эгон Шиле, Оскар Кокоши сияқты таланттардың құнды туындыларын сақтаған мекеме. Ханзада Евгений Савойский (1663-1736) атақты қолбасшы әрі өнерді бағалайтын адам болған. Ол Иоганн Лукас фон Хильдебрандтке қала сыртынан жеке резиденция, сарай мен Бельведер саябағын салуды тапсырған.
Қазір австриялық өнер туындыларын сақтаған Барокко дәуірінің бұл шедеврі екі сарайдан тұрады: Жоғарғы және Төменгі Бельведер. Жоғарғы Бельведердің негізін Густав Климттың 24 суреті құраса, Төменгі Бельведерде Мартино Альтомонттың мифологиялық сюжетте қабырғаға салған туындылары сақталған.
Ван Гог музейі
Амстердам
Винсент Ван Гог өмірден өткеннен кейін оның жұмыстарының бәрі інісі Тео Ван Гогқа қалады. Өкінішке қарай, көп ұзамай Тео да қаза болады. Ал Винсенттің барлық мұрасы, тіпті інісіне жазған хаттары Теоның жесір қалған әйеліне беріледі. Оның арқасында Ван Гогтың туындылары бүгінге дейін жетті. Теоның жары өмір бойы Винсенттің бүкіл суретін сақтаған. Коллекция арнайы музей ашылмайынша Ван Гог отбасында болды. Винсенттің немере інісі бұл мұраны Уиллем Ван Гог 1973 жылы музейге берді. Қазір музейде «Суретші Арленің жатын бөлмесі», «Күнбағыстар» сияқты Ван Гогтың 200-ден астам туындысы бар.
Бүгінге дейін музейде суретшінің нобайлары, хаттары, басқа да импрессионисттердің туындылары мен Винсеттің достарының шығармалары бар. Музейдегі көрме хронологиялық ретпен ұйымдастырылған. Ван Гог өнері бес кезеңге бөлінеді: алғаш жұмыстары, Париж, Арле, Сан-Реми және Овер.
Комментарии
Подписаться