Алматы қаласы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Айдынжан Нарматов индекстелген зейнетақы мен жәрдемақының қазақстандықтарға қашан берілетінін айтты. Бұл туралы Tengrinews хабарлады.

«Алматыдағы 230 мың зейнеткер индекстелген зейнетақы алады. Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы 5%-ға өсірілген еді. Енді олар тағы 5%-ға өседі. Нәтижесінде бір жылда зейнетақы 10%-ға өсті», - деді Нарматов.

Ол барлық зейнетақының сәуірде автомат түрде қайта есептелетінін айтты.

«Зейнеткерлерге мемлекеттік орталыққа зейнетақы алу үшін барудың қажеті жоқ, барлығы автомат түрде жүргізіледі. Көбейтілген зейнетақы мамырда беріледі, сондай-ақ, сәуірде қосылған зейнетақы да мамырда беріледі», - деді департамент басшысы.

Нарматовтың айтуынша, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдері және басқа да әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты 1 сәуірден бастап көбейтілді.


Біздің Telegram-каналға жазылыңыз