Қасым-Жомарт Тоқаев М. Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндік және зооноздық инфекциялар ғылыми орталығының және Ұлттық биотехнология орталығының ұжымын COVID-19 инфекциясын анықтайтын тест-жүйені шығаруымен құттықтады. Бұл туралы Vласть хабарлады

«Ғылыми институттардың ұжымдарын COVID-19 коронавирусын анықтайтын диагностикалық тест жүйесін әзірлеуімен құттықтаймын! Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы мен Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары халықаралық стандарттарға сай тест жүйесін қысқа мерзімде жасап шықты. Сіздердің жетістіктеріңіз отандық биомедицина саласының бәсекеге қабілеттілігі жоғары екенін көрсетеді. Әлемге тараған коронавирус індетіне қарсы күрес жүріп жатқан кезде бұл жаңалық өте маңызды болып отыр. Әзірленген тест жүйесі мыңдаған азаматымыздың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға көмектеседі деп сенемін», - деп жазылған Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

25 наурызда Ұлттық биотехнология орталығы президентке коронавирус инфекциясын анықтайтын тест-жүйесін ұсынды. Тест-жүйе полимеразды тізбекті реакция (ПТР) негізінде құрылған, ол ДНҚ жасанды синтезі («тірі» штаммсыз) арқылы жасалған. Сондықтан тест коронавирусты тез анықтауға мүмкіндік береді. Шетелдік диагностикалық препараттармен салыстырғанда тест-жүйенің жоғары сезімталдығы расталды.

Сондай-ақ, Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары ҒЗИ-мен бірлесіп коронавирусқа қарсы вакцина жасау жұмыстарын бастады.

«Қазақстан үшін зертхана бірегей болып табылады. Біз сіздің жұмысыңызға үлкен үміт артамыз. Көмектесетін боламыз. Вирустың таралуы мемлекеттің биологиялық зертханаларға, медициналық және санитарлық қызметке баса назар аударуы керек екенін көрсетті», - деді Тоқаев.


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз