Қазақстанда карантин объектісінде жұмыс істеген 28 медицина қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырған. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хабарлады. 

«Карантин объектілерінде жұмыс істегендіктен медицина қызметкерлерінің 28-і вирусты жұқтырды. Әрқайсы бойынша эпидемиологиялық зерттеу жүріп жатыр. Олардың ауруды жұқтыру себебінің неден пайда болғанын анықтап жатырмыз»,  деді ол.

Біртановтың айтуынша, коронавирусты жұмыстан тыс жерде жұқтырған медқызметкерлер тобы бар. «Оларды бөлек санап, қарастырып жатырмыз» деді министр. Бірақ ол жұмыстан тыс жерде ауру жұқтырған медицина қызметкерінің санын анықтаған жоқ. 

«Инфекциялық және провизорлық стационарлары мен карантин объектілерінде вирус жұқтырудың қаупі жоғары. Бұл басынан бастап белгілі еді. Шетелдік тәжірибеден де оны білеміз. Біз облыс әкімдерімен жұмыла отырып, қажет іс-шараның бәрін істеп жатырмыз. Медицина қызметкерлеріне қатысты барлық ереже сақталуы тиіс. Жұмыскерлердің өздері де қауіпсіздік техникасын қатаң қадағалауы керек»,  деді министр.

Оның айтуынша, қазір дезинфекцияға қажет құрал мен жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заттар алынып жатыр. «Дүниежүзі бойынша бұл тауарлардың жетіспеушілігі байқалады. Бірақ біз қажет нәрсенің бәрін алу үшін барымызды салдық. Жақын арада медицина ұйымдарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеміз»,  деді Біртанов.

Айта кетейік, бүгінде елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 453-ке жетті. 


Біздің Facebook-парақшамызға жазылыңыз