Бүгінде Қазақстанда COVID-19 инфекциясын жұқтырған адам саны 400-ден асты. Дүниежүзін жайлаған пандемия, күшейтілген карантин, болашақтың бұлыңғырлығы халықты алаңдатып отыр. Осы жағдайда үрейге қалай берілмеуге болады? Төрт қабырғаға қамалған адам күйзеліске түспеу үшін не істеуі керек? Бұл сұрақтардың жауабын психолог Сая Бақимовадан білдік.

Сая Бақимова

психолог

Үрейдің себебі

Біз қоршаған ортаны түсінікті, өзіміз білетін, басқара алатын жағдайлардан тұрғанын қалаймыз. Мысалы, кішкентай балаға басында айналасы хаос болып көрінеді. Оның психикасы қоршаған ортаның белгісіз, түсініксіз қорқыныштарынан анасы арқылы аман қалады. Балалық шақ жарақаты туралы айтқан кезде біз белгілі бір мағынада бала психикасының белгісіз нәрселерден қорқынышын меңзейміз. Қазір айналада болып жатқан жағдай дәл сол күйді (көбіне бейсаналы түрде) еске түсіреді: не болары белгісіз, біз бақылай алатын нәрсе емес. Жан-жақтан неше түрлі ақпарат келіп жатыр. Үрейдің басты себептерінің бірі осы деп ойлаймын.

Үрейге берілмеудің жолдары

Үрейді былай елестетіп көрсек болады: миды эмоциядан тұратын теңіз басып алды, яғни ми су астында. Енді ол болып жатқан оқиғаларды дұрыс бағалау, шешім шығару, анализ жасау деген сияқты өзінің қызметін жөнді атқара алмайды. Үрейге берілмеу үшін адамды күнделікті өмірінен ұшып кетуге жол бермейтін зәкірі (якорь) болуы керек: белгілі бір физикалық жұмыс, ой еңбегі, адамдармен қарым-қатынас. Жалған, анық-қанығы тексерілмеген ақпарат — үрейдің бір себебі. Өз кеңістігіңізді тым көп, жүйесіз ақпараттан шектеңіз. Маңызды нәрсені міндетті түрде өзіңіз оқып аласыз. Шын керек ақпараттан қалып қою мүмкін емес. Сондықтан күні бойы әлеуметтік желі, чат пен топтарда жаңалық аңдып отырудың пайдасы жоқ.

Жөн-жосықсыз жүріске себеп

Халқы бірнеше рет стихиялық жағдайды басынан кешірген елдерден географиялық түрде жырақта тұратындығымыздан әрі мұндай тәжірибе бұрын басымыздан өтпегеннен жөн-жосықсыз жүріс көп. Сонымен бірге, өзіміздің «бәрін бір құдайдың қолына тапсырдым» деген ұлттық ерекшелігіміздің де ықпалы бар. Тағы бір маңызды мәселе — әлеуметтік-экономикалық жағдай. Отандастарымыздың бәрінде жұмыс істемей, үйде отырып-ақ азық-түлік ала беретін жағдайы жоқ. Халықтың басым көпшілігі күнкөріс үшін не күнбе-күн жұмыс істеп, ақша алады, не бар қаражатын бір айлықтан келесісіне дейін әрең жеткізеді. Мұндай жағдайда оларды үйде отырмадыңдар деп кіналауға болмайды.

Стреске бой бермеудің амалы

Егер адамның тұратын жері, жейтін тамағы, жеке гигиена заттары сияқты базалық сұраныстары өтелсе, психологиялық тұрғыда да гигиенаны ойлау керек. Адам өмірін белгілі бір әдеттер арқылы ретке келтіреді. Бұрыннан келе жатқан күн режимін барынша жоғалтпауға тырысу керек — бір уақытта тұру, жұмыс істеу, жаттығу жасау, дұрыс тамақ дайындап жеу, суға түсуді ұмытпау. Шын мәнінде, біздің психикалық күйіміз осы бір күнделікті қайталанатын кішкентай әрекеттерге тәуелді. Жай күнде тұратын шекарамызды бұзып алмауымыз керек. Әр күнге жоспарыңыз болсын. Бүгін жатар алдында ертең не істейтініңізді жазып, ойлап қойыңыз. Қазір көп адамда мазасыздыққа байланысты проблема туындап жатыр. Паникалық шабуылға жиі шалдығатындар да бар. Карантин кезінде кейбір психолог тегін эфир, лекция өткізіп жатыр. Өмірден шеттетіліп, адамдармен араласпай қалмаңыз.

Уақытты тиімді өткізу

Бұл тікелей фантазияңызға байланысты. Бұрын үлгермеген, мән бермеген шағын детальдарға уақыт бөлетін мүмкіндігіңіз бар. Жазатын, оқитын, жинайтын, жөндейтін, тігетін, лақтыратын, тіпті бір-бірімізбен сөйлесетін көп нәрсе жиналып қалды деп ойлаймын. Бастысы, қажетсіз интернет-курсты толтырып сатып ала бермеңіз. Алдағы уақытта бізге экономикалық үнемділікке бейімделетін кез туады. Карантин — шығынды азайтуды үйренетін бірден-бір жағдай.


мәтін: Жансая АЛиева

МҰҚАБА: NORTHFOLK