ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия 19 наурыздан бастап Алматы мен Астанада карантин режимін енгізеді.

Мемлекеттік комиссияның отырысында коронавирусты Қазақстанның басқа қалаларына таратпау мақсатында екі қалада шектеу, алдын алу және эпидемияға қарсы шаралар енгізу туралы шешім қабылданды.

19 наурызда сағат 00:00-де енгізілетін шаралар төмендегі пунктерді қамтиды:

– карантинді енгізу және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру;

– карантин аймағының периметрін белгілеу және кіру/шығу пункттерін белгілеу;

– адамдардың қозғалысын және көлік құралдарының кіріп/шығуын шектеу;

– үш санат: ауруды жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер, карантиндегілер санаты бойынша арнайы емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

– халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру және тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуіне оңтайлы болуы үшін, азаматтардың қозғалысын шектеу үшін қалалар аумағының секторларын және олардың шекараларын анықтау;

– қоғамдық көлік қозғалысын күндізгі уақытта тоқтата тұру немесе шектеу және түнгі уақытта тоқтату;

– азық-түліктік емес сауда базарларының жұмысын, азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сататын нысандарды қоспағанда, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын уақытша тоқтата тұру;

– санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды күшейте отырып, “клиенттерге дейін жеткізу” қағидаты бойынша қоғамдық тамақтану нысандарының жаңа жұмыс режимін белгілеу;

– ХҚКО-ның жұмыс режимін қайта ұйымдастыру;

– карантиндік аймақтардағы халықтың және әрбір сектордың азық-түлік өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен алғашқы қажеттілік тауарларына тәулік сайынғы қажеттілігін анықтау;

– карантиндік аймақтың әрбір секторы үшін қоғамдық көлік қозғалысын барынша шектеуді ескере отырып, сауда және азық-түлікпен әрі алғашқы қажеттілік тауарларымен қамтамасыз ету орталықтарын анықтау;

– ұйымдастырушылық сипаттағы басқа да шаралар.

Сонымен қатар, 19 наурызда басталатын карантин кезінде балабақшалар жабылады. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындарға үндеуі кезінде айтты. Оның айтуынша, Алматыдағы шектеу, профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралардың толық тізімі жақын арада қала әкімдігінің барлық ресми ақпараттық ресурстарында жарияланады.

Еске салайық, коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 32-ге жетті. Оның 15-і Алматы қаласында, 17-сі Астанада тіркелген. 



Обложка: Markus Spiske