2017 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы шықты. Сол кезде президент боп тұрған ол «мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басатынымыз және бұқаралық сана­­ны қалай өзгертетіні туралы» көзқарас­тарын ортаға салды. Артынша осы мақаланың негізінде «Рухани жаңғыру» мембағдарламасы жасалып, оны жүзеге асыру үшін бюджеттен миллиардтаған ақша бөлінді. 2021 жылы бірқатар коррупциялық шу мен соттардан соң «рухани жаңғырту науқаны» түрленіп, «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасына айналды.

Журналист Данияр Молдабеков The Village Қазақстан үшін арнайы «Рухани жаңғыру» әлемі мен тарихына бойлап, жаңғыру орнын сюрреализм басқанын анықтады.

Текст Данияр Молдабеков

Иллюстрации Айгерим Саттар

1-бөлім

«Рухани жаңғыру» жобалық офисіне амалын тауып кіру

Болмай қалған сұхбат

Алматының «Рухани жаңғыру» жобалық офисі Almaty Towers бизнес орталығының солтүстік мұнарасында орналасқан. Ол жерге анау-мынау адамның шақырусыз кіруі қиын шаруа — осында отырған компаниялардың әр қызметкерінде жеке магнит кілті бар, онсыз турникеттен өтіп, лифт шақыра алмайсыз. Алда-жалда «көкжағалылардың» ішіне сіңіп кетіп, ақыры жобалық офис орналасқан оныншы қабатқа жетіп жатсаңыз, лифтіге жақын тұрған есік сыртында ілінген «Интерфакс» жазуын көресіз. Сананы жаңғыртатын адамдардың қайда отырғанын осы ақпараттық агенттік қызметкерінен нақтылауыңызға болады. Ол сізге көрші тұрған есікті нұсқайды. Ол есікте ештеңе жазылмаған.

Азаматтарды «рухани жаңғыртудың» бір бағыты — сананың ашықтығы. Саналарының қаншалықты ашық екенін тексеріп көрейік.

Назарбаевтың аса қымбат публицистикалық шығармаға айналған мақаласы

Рухани жаңғыру жыры 2017 жылы, Ақорда мен мемлекеттік медиа сайттарында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көргенде басталды. Сол кезде президент боп тұрған ол «мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басатынымыз және бұқаралық сана­­ны қалай өзгертетіні туралы» көзқарас­тарын ортаға салды.

«Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды» дей келе ол «сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеу мүмкін емес» деп атап өтеді. Соған байланысты Назарбаев «өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деген ой түйеді.

Алайда жаңғыру барысында тарих пен «елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмасақ» онымыз тағы «адасуға бастайды»-мыс.

«Рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл — тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы», деп жазған еді сонда экс-президент.

Бұл мақалада автор рухани жаңғырудың алты бағытын тізіп шықты: бәсекеге қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы.

Оның ішінде нақты жобалар аталған: қазақ тілін біртіндеп латын қарпіне көшіру, әлемдегі гуманитарлық ғылым бойынша үздік жүз оқулықты қазақшаға аудару, өңірлерді дамытуға бағытталған «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағдарламалары, Қазақстанның заманауи мәдениетінің бәсекеге қабілетін дамыту және «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобалары.

Көп ұзамай бұл мақаланың негізінде осы аттас бағдарлама әзірленді де, оны 2022 жылға дейін жүзеге асыру үшін 54 миллиард теңге (160 миллион доллардан сәл астам) бөлінді.

Назарбаевтың мақаласы жүзеге аса бастағандығының алғашқы материалдық белгілері ел өңірлерінде ашылған жобалық офистер мен бағдарламаның логосы — меморгандар мен қалалардың көшелерінде жаппай пайда болған түрлі-түсті қыранның суреті түрінде көріне бастады — бұл публицистика жанрындағы аса қымбат туындылардың бірі екені анық.

«Рухани жаңғыру» жобалық офистеріне жүктелген міндет жетіп артылады. Олардың басты қызметіне жобаларды жоспарлау, жүзеге асыру, жүргізу, мониторинг жасау және нәтижесін сараптау, ұсыныстар әзірлеу, ақпараттық насихат, сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында PR стратегия жасақтау кіреді.

«Рухани жаңғыру» жобалық офистерінің бағдарламаны іске асырудағы маңызы зор, «онда ақпарат министрлігімен қоса барлық мемлекеттік орган кіреді, сол себепті бағдарламаны жүзеге асыруда бәріміздің жауапкершілігіміз зор», – деген еді сол кездегі ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев.

Есік аузынан мені свитер киген жылы шырайлы келіншек — Алматы әкімдігі қоғамдық даму басқармасына қарасты «Рухани жаңғыру» жобалық офисі директорының орынбасары Венера Рахимова, қарсы алды. Редакциялық тапсырмамды қарап шығып, маған назарын тікті. Мақсатым — еліміздің ең ірі қаласында «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы мен оның жалғасы — «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қандай жобалар жүзеге асырылып жатқанын білу деп түсіндірген болдым. «Осы жобаларды жасап жүрген кісілермен таныстырып, сұхбат алуыма ыңғай туғызсаңыз алғысымды жаудырар ем», — деп қоямын, қабырғасына ұлттық бағдарламаның логосы — самғап бара жатқан түрлі-түсті қыран салынған жартылай бос офисті шолып тұрып.

— Ұлттық жобамен Алматының бүкіл мемлекеттік органы айналысады… Былтырдан бастап жүзеге асырылып жатыр. Жыл ғана болды. Ұлттық жоба 2025 жылға дейін жүреді… Мұндай тапсырманы сізге кім берді сонда? Өйткені басталғаны енді ғана, оның мақсаттары стратегиялық дегендей… — дейді Рахимова.

— Жыл деген де мерзім ғой.

— Сонда неге дәл жобалық офиске жіберген сізді? Кім жіберген, айтып жібересіз бе?

— Мен өз-өзімді жібердім. Журналиспін ғой.

— Сонда өзіңізді өзіңіз мұнда қалай жібергенсіз? Ұлттық жоба туралы қайдан білдіңіз?

— Бұл жабық ақпарат па еді?

— Жо-жоқ! Қызық дегенім ғой.

— Мен журналиспін, мақала жаза бастап едім…

— «Рухани жаңғыру» бес жыл бойы жүрді. Сіз ол туралы жазып па едіңіз? Материалдарыңызды оқысақ бола ма?

Иә, жіберемін оқып шығуға деген уәдемнен соң Рахимова жобалық офистің директоры Гүлнар Қоңыровамен таныстырып, сұхбат ұйымдастыруға келісімін берді. Бір сағаттан кейін Рахимованың әріптесі, ақпараттық-талдау бөлімінің басшысы Жанна Үсеноваға 2020 жылғы зерттеуімнің сілтемесін жібердім, онда пандемия кезінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қисынсыз көп ақшаға өткізілген тендерлер туралы да айтылған. Шенеуніктер мақаламды ұнатпады-ау дегенді сезіп, кешкісін хабарласып, «Келісіміміз күшінде ме?», деп, сұхбатым туралы сұрай салдым. «Иә, әрине», деген жауап алдым.

Таңертең жобалық офистен қоңырау түсті. Үсенова: «Алло, Данияр! Қоғамдық даму басқармасы арқылы шығыңызшы. Ақпаратты солардың келісімінен кейін бере аламыз. Біз бағынышты ұйымбыз ғой, түсінерсіз», дейді.

Ол маған Алматы әкімдігі қоғамдық даму басқармасының БАҚ-пен байланыс жөніндегі бөлімнің басшысы Зарина Құлтасованың номерін берді. Whatsapp-ына редакциялық тапсырмамды жібердім де, мақсатымды түсіндірдім. Еш жауап жоқ. Ертесіне таңертең тағы да жазып ем: «Менің сұхбатқа рұқсат беретін құзырым жоқ. Офистің директорына хабарласыңыз, уақыты болса келісер, қалай ұйымдастыру керегін де білмеймін сұхбатыңызды», деген жауап келді.

Мен әуелден сол жобалық офиске шығып едім ғой деген ескертуіме қоғамдық даму басқармасы тіл қатпады.

«The Village Қазақстан басылымының бұл тендерге не қатысы бар, сіздерге жасалған жұмысым туралы есепті неге беруге тиіспін?»

Ақыры сұхбатым болмайды екен деп, мен келесі күні Алматыдағы «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің қызметін өз бетімше зерттеуге кірісіп кеттім. Алысқа бармай-ақ осы жылдың қазанында ғана «New Times» сайтында шыққан «Незабытые ценности: проекты „Ұлттық рухани жаңғыру“ приобщают жителей Алматы к знаниям по культуре и истории» деген материалына тап болдым. Әкімдіктің қоғамдық даму басқармасы атынан жазылған мақалада «қоғам үшін маңызды жобалар» туралы, оның ішінде айталық, әлдебір «виртуал Mediadrive» — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басталғаннан бері жасалған және жүзеге асқан видео, аудио және басқа да материалдардың реттелген каталогы жайлы айтылған. Сипаттамасына қараса, бұл каталогсыз миллиардтаған бюджет ақшасын жұмсап орындаған ұлттық бағдарлама жетістіктері туралы біле алмайтын сияқтысың. Әрбірден соң «мәдениет пен тарих туралы білім» өзіме де керек қой деп шештім.

Каталог туралы толығырақ білмек боп гугл шарлап кеттім, алайда мардымды ештеңе таппадым. Есесіне мемлекеттік сатып алу сайтынан Mediadrive-тың жасалуына «Рухани жаңғыру» жобалық офисі 5,3 миллион теңге жұмсағанын анықтадым. Қызметті жеткізуші — Zerone Technology компаниясы; Adata.kz деректер базасына сүйенсек, құрылтайшылары Жетес Албаев, Дамир Рашидинов және Сейтқазы Кадырқазыұлы екен.

5,3 миллион теңгеге виртуал Mediadrive әзірлеген Zerone Technology компаниясымен жасалған келісім-шарттың скриншоты

Келісім-шарттың техникалық ерекшелігінде «виртуалды MediaDrive мақсаты „Цифрлық Қазақстан“ мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде „Рухани жаңғыру — Алматы“ деректер базасын құру болып табылады» деп көрсетілген және «іс-шараны іске асыру шеңберінде» каталогқа домен тіркеу қажеттігі айтылған.

Одан бөлек «виртуалды MediaDrive „Рухани жаңғыру“ бағдарламасында, Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Жолдауларында және басқа да стратегиялық құжаттарда айқындалған мемлекеттік саясаттың стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге сәйкес келуі тиіс» делінген.

Бұл мемсатыпалуды зерттеп отырып мен жобалық офистің тағы бір қызық тендерін тауып алдым — былтыр тамызда олар Tenderwoman ЖШС-мен видеолар әзірлеуге 21,5 миллион теңгенің келісім-шартын жасасқан екен. Техникалық ерекшелігінде қызмет (орфографиясы мен пунктуациясы сақталған): «Бұл бейнероликтер этносаралық қатынастар, мәдениет, білім беру, отбасылық құндылықтар, туған жерге деген махаббат, ана тілі, спорт және т.б. сияқты бірнеше тақырыпты қамтиды. Бейнероликтердің мақсаттары мен міндеттері түрлі салаларда еңбек ететін этносаралық қатынастарды, адамдардың табыс тарихын танымал ету, салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттық бірегейлікті сақтау, қазақ мәдениеті мен тілін танымал ету, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді қолдау» деп сипатталған.

21,5 миллион теңгеге видеолар әзірлеген Tenderwoman ЖШС-мен жасалған келісім-шарттың скриншоты

Бұл жобаларды іздегенімде гугл еш нәтиже бермеді. Мұнысы түсініксіз екен: екі тендер де видеоөніммен байланысты, оның бірі — виртуал Mediadrive техерекшелігіне сәйкес қызмет көрсетуші доменмен қамтамасыз етуге тиіс еді. Демек видеоны тез тауып алуым керек еді.

Tenderwoman ЖШС құрылтайшысы, КТК телеарнасының бұрынғы редакторы Сабина Емелбаеваға мемлекет 21,5 миллион теңге төлеген жұмысының нәтижесін бөлісуді сұрап, журналистік сауал жібердім, 15 минут өтер өтпестен жауабы келді. Ол аудиомесседжбен «The Village Қазақстан басылымының бұл тендерге не қатысы бар, сіздерге жасалған жұмысым туралы есепті неге беруге тиіспін? Біз тендерді ұттық, бар міндетімізді орындадық та, жаптық. Сіз кім едіңіз жалпы?!» деген сұрағын жіберіпті.

Мен дереу Алматыдағы «Рухани жаңғыру» жобалық офисіндегі Жанна Үсеноваға жазып, Mediadrive видеокаталогы мен Tenderwoman компаниясы әзірлеген видеоларға сілтеме беруін сұрадым, кемінде виртуал Mediadrive сілтемесі болуы керегін атап өттім. Желтоқсанның 2-сінде жобалық офис «Күтуіңізді өтінем, жауабын міндетті түрде беремін» деген уәдесін берген.

Желтоқсанның 5-іне дейін жауап болмаған соң қаланың қоғамдық даму басқармасындағы БАҚ-пен жұмыс үшін жауап беретін шенеунік Зарина Құлтасоваға хабарласып, Mediadrive сілтемесін содан сұрайын деп шештім. Ол болса маған жобалық офистің директоры Гүлнар Қоңырованың телефон номерін берді. Аздан соң Қоңырова байланысқа шығып, мені сұхбатқа шақырды.

«Бұл да рухани жаңғыру, жаным!»

Ертесіне, 6 желтоқсанда кездесуге аттандым, мені жобалық офис тайлы-тұяғы қалмай, ревизордай етіп күтіп алды. Директор Гүлнар Қоңырова бұл сұхбатты неге ұзақ мақұлдағанын түсіндірген боп жатыр, артынша бұл жерде рұқсатсыз ештеңені суретке түсірмеуімді өтінді.

«Соңғы кезде журналиспін деп кім көрінген келе беретін болды, Санжар Боқаев жіберетін, басқасы жіберетін өтірік журналистер. Бәріне бірдеңе керек боп қапты, дүрліктіретін ақпарат сұрайды. Қазір өмір сол ғой, көбі солай ақша табады екен… Бірақ өздері білсін әрине, әркімнің өз мақсаты бар ғой, дұрыс па?», — дейді Қоңырова, жобалық офис конференц-залындағы сопақ үстелінің басына жайғасып жатып. Жан-жағынан өз орындарына Қоңырованың басқа қызметкерлері де — екі жас қыз, ересектеу шенеунік әйелдер және мұнда жұмыспен қамту орталығы арқылы орналасқан Ердәулет есімді жас жігіт отыра бастады. Бұрыннан таныс Жанна Үсенова экран алдына отырды да, әлгі іздеп жүрген «Рухани жаңғыру» жетістіктерінің каталогы — Mediadrive презентациясын қосты.

«Өтірік журналистерге» ренішін айтып болған соң Қоңырова маған The Village Қазақстан берген редакциялық тапсырманы сынай бастады: «Хатта керек адамның адресін жазбай ма екен. Күні де көрсетілмеген. Не деген түсініксіз редакциялық тапсырма бұл».

Ізінше орынбасары Рахимова да қосылып, «Сізді жай жобалық офиске жіберген, бізде мұндай офистер бүкіл Қазақстан бойынша ашылған ғой. Нақты қай қалаға бар деген?».

Осы жетер деп, мен сөз алдым: «„Рухани жаңғыру“ бағдарламасы дегеніміз сананы жаңғырту. Қазір сөз етіп отырғандарыңыздың оған қатысы жоқ. Редакциялық тапсырмам дұрыс жазылған. Сананың ашықтығы — жұмысыңыздың басты бағыттарының бірі. Бірақ кешіріңіздер, мына тірліктеріңіз тіпті де ашық санаға ұқсамайды. Мен мұнда нақты сұрақтарыммен келдім. Мүмкін жауап берерсіздер ендігі?».

Бірнеше минутқа созылған тайталас ақыры бітіп, бәріміз презентация көруге кірістік. Оның барысында маған Mediadrivе каталогы да, Tenderwoman ЖШС 20 миллион теңгеге жасаған видеолар да көрсетілді, мына туындылар қазақстандықтардың санасын қалай өзгертпек деген сұрағыма бірнеше рет (спойлер: сәтсіз) жауап беру талпынысы да болды.

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА (Үсеноваға қарап). Жанна, ауырып тұрсыз, түсінем, бірақ нақтырақ болуға тырысыңызшы, дауысыңызды шығарып, түсініктірек етіп!

ЖАННА ҮСЕНОВА, АҚПАРАТТЫҚ-ТАЛДАУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ. Мынау біздің Mediadrive виртуал каталогымыз. Мұның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған күннен бастап жасалған аудио, видео және басқа да архивтік материалдар түгел жинақталған. Мемлекеттік және орыс тілдерінде істейді. Сайт «Меню» бөлімінен тұрады, оның ішінен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының үш бағыты — тұлғаның дамуы, ұлттың дамуы, мемлекеттің дамуы жайлы ақпарат ашылады. Бұл үш бағыттың әрқайсы 16 арнайы жобадан құрылған. Осы 16 арнайы жоба мен 6 қағида бойынша түгел мәлімет бір жерде жинақталып тұр. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасының Алматы қаласы бойынша толық сипаттамасы және осы арнайы жобаға қатысты архивтік материалдың барлығы мына жерде.

ӘСЕЛ ЕРБОЛАТ, АРНАЙЫ ЖОБАЛАР БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ. Алматы қаласы бойынша жаңа есімдердің саны қырыққа жуық. Бірінші кезеңге 20, кейінгілеріне 10 адам қатысты. Мына блокта өңірлерден келген видеолардың барлығы жинақталған. Сонымен қатар жеңімпаздар қатысқан кездесулер, журналистермен өткен сұхбаттар, сол сияқты басқа да материалдар осында салынған. Бізде үш бағыт бар. Әр материалдың жеке белгішесі бар екенін көріп отырсыз. Байқамай басқа материал ашып қалсаңыз, сол арнайы белгішенің арқасында оның қай арнайы жобаға жататынын біле аласыз, солай ыңғайлырақ.

ЖАННА ҮСЕНОВА. Материалдардың басым бөлігі бізде үшінші бағыт — «Туған жер» арнайы жобасының аясында жасалғанын айта кету керек.

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ. «Туған жер» дегеніміз туған өлкеге деген сүйіспеншілікті дамытуға арналған, яғни жергілікті қауымдастықтар мен өңірлер бағдарламасы ғой. Осы Mediadrive каталогында жинақталған видеоматериалдың нақты қайсы өңірлерді, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті дамытады? Қалай дамытады?

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА (қызметкерлеріне қарап). Ал, айтыңдар!

ӘСЕЛ ЕРБОЛАТ. Бұл жергілікті тұрғындар қатысатын шаралар ғой… Патриоттық шаралар, студенттермен кездесулер, арнайы шаралар дегендей…

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА. Неғып үндемей отырсыңдар, жастар! Айтып берсеңдерші, қане! Мен-ақ жалғыз сөйлей бере алам әйтпесе…

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ. Айтсаңызшы онда өзіңіз?

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА. Жоқ, бөлім басшысы сөйлесін.

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ. Жарайды. Кім жақсырақ білсе, сол айта берсін. Сонымен, тап осы видеоматериалдар жергілікті патриотизмді өршітіп, туған өлкеге деген махаббатты қалай дамытады? Түсінуімше, студенттер жиналған, оларға марапат хаттары берілген, содан жергілікті патриотизм дамып кетті ме, сол қызық?

ЕРДӘУЛЕТ. Өнер, спорт қайраткерлерімен кездесулер өткізілді ғой енді… Мында патриотизмді дамыту бойынша жазылған…

ӘСЕЛ ЕРБОЛАТ. «Туған жер» аясында меценттардың қолдауы қарастырылған. Бостандық ауданында екі мектептің қосымша ғимараттары жөнделді. Ботаникалық бақ та демеушілердің қаражатына қалпына келтірілді. Оның алдында мәдениет паркін жөндеп берді…

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА. Бағдарлама басталғаны қаншама игілік жасалғанын айтсаңдаршы, спорт нысандары, мектептер, емхана салынды, балалардың хирургия бөлімшесі ашылды — бәрі демеушілердің арқасында. Балаларға арналған алаңқайлар да демеушілердің көмегімен салынды. Дәке, өзіңіз білесіз, үйлердің фасады боялды ғой? Әсіресе Байбек әкім боп тұрған кезде, көшеге Назарбаев аты берілгенде, үйлердің көркі кіріп қалғаны ше! Мұның бәрі «Туған жер», айналайын.

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ. Сонда демеушілерді қайдан табасыздар? Офистің міндеті сол ма?

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА. Аудан әкімдіктерінің аппараттары айналысады. Демеушілер өздері іздеп келеді. Кәсіпкерлік, құрылыс басқармалары бар… Демеуші дегеніміз кім? Қаланың жетістікке жеткен, қолдарынан жақсылық келетін қатардағы азаматтары.

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ. Түсініп тұрмын меценат дегенді. Бірақ «Рухани жаңғыру» жобалық офисі осы жасалған нәрсенің айналасында не істеп жүр?

БІРНЕШЕ ДАУЫС: Оған мониторинг жүргіземіз!

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ. Соның бәрін жинап-теріп, жаңағы Mediadrive каталогына салып отырасыздар ма сонда?

ХОР БОП. Иә!

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ. Бірақ ашық дереккөздерден іздегенімде ештеңе таппадым. Адамдар оның не екенін көре алмаса, оның қажеті не?

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА. Мұның бәрі ең алдымен өзімізге керек. Анда-мында шашылып жатқаны… Міне сіз келіп едіңіз, бәрін ашып жіберіп, не жасағанымызды көрсете аламыз. Яғни бәрін бір жерге топтастырып, архивтейміз, жаным, архивтейміз, архивтейміз…

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ. Техникалық ерекшелікке сәйкес, Mediadrive каталогы жеке доменде жатуға тиіс еді, соны таппадым.

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА. Бар ғой ол, бар!

ЖАННА ҮСЕНОВА. Каталогты әзірлегендерден сұрастырдым. Домен мен хостинг уақытша сөндірулі екен. Таяу күндері ақшасын төлейміз деді. Солай түсіндірді.

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА. 48 мың берешегіміз бар. Бюджеттік ұйым болғансын, боп тұрады, төлейміз. Айтпақшы өткізіп жүрген шараларымызға жақсы журналистер керек еді, жақсылап жаза алатын осының бәрі туралы. Келістік пе?

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ. Мен басқаша жұмыс істеймін…

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА. Тапсырма алып қана істейсіз бе?

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ. Өзім таңдаған тақырыптарды ғана жазамын.

ЖАННА ҮСЕНОВА. Mediadrive бойынша ары қарай кеттік. Мына жерде статистика блогы бар. Міне «100 жаңа оқулық» жобасы…

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА. «100 жаңа оқулық» жобасы аяқталды. Аударып біттік. Оның ішінде 47-48 кітапты Алматыда аудардық.

ӘСЕЛ ЕРБОЛАТ. Ары қарай мультимедиа блогы бар. Ол фото және видеогалерея боп бөлінген. Мына жерде шараларымыз, мында — контактілеріміз.

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА (ақысы төленбеген домен есіне түсіп кетіп). Бухгалтерге айта салыңдаршы менен сәлем, тезірек төлесін! Енді қайталанбасын.

ЖАННА ҮСЕНОВА. Бұл каталогымызды күнделікті толықтырамыз, ақпарат түскен бойда саламыз. Қазіргі күні 2752 материал…

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ. Осының бәріне бастау болған Назарбаевтың мақаласындағы басты ой: өзгеруіміз керек, бірақ тамырымызды ұмытпауға тиіспіз. Нақты осы жоба, виртуал Mediadrive сананы рухани жаңғыртуға қандай әсері бар? (Қоңыроваға бұрылдым) Өзіңіз айтып беріңізші осыны.

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА. Сананы жаңғыртуға дейсіз бе? Қалай дегенмен бұл… Бұл дегеніміз иедологиялық құжат қой.

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ. Виртуал Mediadrive па идеологиялық құжат?!

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА. Бұл каталог, біз оны бағдарлама Алматыда жүзеге аса бастаған сәтінен бері жасалған, әзірленген архивтік материалдармен толтырып келеміз… Тым шағын шараларды қоспадық мұнда. Біз өткізетін кез келген ауқымдағы шара әйтеуір өзінше сананы өзгертіп отырады… Біздің қалада жастарға баса мән берілген. Өзіңіз білесіз ғой, Алматы — жастар қаласы. Әу баста, бағдарлама қабылданғанда 9 ЖОО бар еді, енді саны 35-ке жетті. Біз осы оқу орындарымен жұмыс істейміз. Ол университеттердің бәрінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жауапты адамдар белгіленген. Олармен үздіксіз байланыстамыз, әрекеттесеміз. Олар әр жылға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жоспарын дайындайды. Енді бұл бағдарламаның жалғасы шықты — «Ұлттық рухани жаңғыру», ол 2025 жылға дейін жүргізіледі. «Ұлттық рухани жаңғыру» үш бағыттан тұрады… Мына Mediadrive дегеніміз негізі күшті… Әйтеуір Астанада, әкімдікте бұл туралы айтқанымызда, «о, тамаша, мұндайды жасау керек!» деген. Өйткені әрине, материалдарды интернеттен тауып алуға болады, алайда бәрін бір жерге топтастырған жақсырақ. Мұны жақсы ойлап таптық деп ойлаймын өзім. Бәрін жүйелеп қою керек қалай дегенмен, бәрін тауып алуға ыңғайлы.

логотип проекта Media Drive

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА. Мақалада (Назарбаевтың — ред.) Алматы — қызғалдақ отаны деп айтылған. Естуіңіз бар ма, білесіз ғой оны? Алма қала дейді… Алматыда алты киелі нысан бар. Біздің алты ескерткішіміз республикалық киелі нысандар картасына енді…

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ. Енді осы нысандардың «киелі нысандар картасына» енгені қазақстандықтардың санасын қалай өзгертеді, соны айтыңызшы? Осылай өзгертеді деп нақты көре алатындай әлдебір индикаторлар бар ма? Өйткені қарап отырсам, басқа мембағдарламалардың немесе жаңағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басқа бағыттары бойынша жасалған жобалардың сәтті не сәтсіз болғанын түсінуге болады: міне мысалы, мектеп пен қасбеттерді жөндедік — нәтижесін көзбен көре аламыз. (Қоңыроваға бұрылдым) Алматының, ірі офистің басшысы ретінде айтыңызшы осы туралы…

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА. Неге ірі? Жоқ, біз ірі емеспіз!

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ. Жарайды. Айтыңызшы, айтып отырған нәрселеріңіз сананы қалай өзгертіп жатыр?

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА. Біз төрт жыл бойы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп келдік. Енді биыл «Ұлттық рухани жаңғыру» деген ұлттық бағдарламаға өттік, 2021 жылғы қаулымен қабылданған еді. Енді біздің офис не істейді? Ол осы қаладағы шаралардың бәріне бастамашы болады, ақпаратын жинақтайды, мониторинг жүргізеді. Түсініп тұрсыз ба?

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ. Оны жүзеге асыру бар.

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА. Одан бөлек әлі жоспарлап отырған жобаларды жүзеге асырамыз. Келесі жылға, Данияр, біз тағы жеті жоба жоспарлап қойдық. (Қызметкерлеріне бұрылды) Қазір жүргізіп жатқан жаңа жобамыз туралы айтып беріңдерші. (Ары қарай өзі жалғастырды) Мысалы, «Ұлы даланың ұлы есімдері» деген жоба бар. Енді оны жүргізу керек қой. «Ұлы даланың ұлы есімдері» деген біздің мұрамыз. Алдыңғы ұрпақ ұмытпасын, кейінгі ұрпақ танысын деп бастадық оны. Қазір біз ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтың 125-жылдығына орай лонгрид әзірлеп жатырмыз. Не үшін? Біз оған жастарды тартамыз, олардың бойында патриоттық сезім қалыптассын деп, кітап оқуға деген сүйіспеншілігі артсын деп. Кітап оқуға оралу керек қой! (Қызметкерлеріне) Айтып беріңдерші!

БАҚЫТГҮЛ ҚАСЫМЕТОВА. Әуезовтың 125-жылдығына орай жазушы шығармашылығын насихаттау шарасы дайындалып жатыр. Сосын… Лонгрид деген не? Лонгрид — мәтінді интернетте түрлі мультимедиалық құралдарды пайдалана отырып жариялау. Айталық 500-1000 бетті кітабыңыз болса, видео, инфографика, кесте, сурет қосуға болады. Жасалып жатқанына екі айдай болды, осы уақыттың өзінде… Айтпақшы өткенде ХАТУ-да дөңгелек үстел өткіздік, жастар Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойына орай презентациялар жасады. Олардың дәл осы лонгрид форматын қолданғаны маған майдай жақты! Әлдебір қанағаттану сезімін сыйлады… Сосын қарасам тап сол балаларым біздің қала деңгейіндегі үлкен жобамызға қатысып жатыр екен! Тамшылап болса да, осылай біртіндеп таратып жүрміз…

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА. Жастарды кітап оқуға қалай баулуға болады? Одан бөлек классиктерімізді — мұрамызды тани береді. Жастар деген басқа қазір! Мультимедиа арқылы нетеміз… Мультимедиа элементтері қосылған мәтін, оны оқып, ең маңызды ойларды алу, эссе жазу — ЖОО студенттерін осылайша тартып жатырмыз жобаларымызға. Мұндай сайыстарға негізінен студенттер қатысады.

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ. Жастар туралы, оларды түрлі жобаға тартып жатқаныңыз жайлы көп айттыңыз. Қаңтар кезінде бас көтерген осы жастар еді. Бұл туралы не дейсіз?

БАҚЫТГҮЛ ҚАСЫМЕТОВА. Иә, Данияр. Бұл туралы айта аларым…

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ. Өте көп жас шықты…

БАҚЫТГҮЛ ҚАСЫМЕТОВА. Иә, көп болды. Бірақ біз мониторинг жүргіземіз.

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ (мырс еттім). Жастарды көшеге сіздер алып шықтыңыз демеймін, ойлап қалмаңыз.

БАҚЫТГҮЛ ҚАСЫМЕТОВА. Айтпағым да сол туралы ғой, жобалық офисіміздің, қоғамдық даму басқармасының ықпалы да болды онда — жұмысымыздың нәтижесі көрінді…

ДАНИЯР МОЛДАБЕКОВ. Ол қалай? Қаңтар оқиғасы сіздің жұмысыңыздың нәтижесі ме?

БАҚЫТГҮЛ ҚАСЫМЕТОВА. Көшеде ЖОО балалары, студенттер болмады деймін. Оқу орындарының басшыларымен сөйлескенімізде балалардың көбі жатақханада жатқан [деді бізге]. Мүмкін бірен-сараны қызықтап шыққан шығар. Бірақ тонаумен айналысқан адамдардың ішінде студенттеріміз болмаған. Нанға шығып кетіп қаза тапқан баланың оқиғасы бар… Өзім білім беру саласында істегенмін, «Аманатта» да істедім, біз де үнемі «ауыр жұмыс істеуге мәжбүр, өзін-өзі қамтып жүрген жастарды не қыламыз?» деп сұрай беретінбіз. Мысалы Бостандық пен Әуезов аудандарын алайық, мұнда көп ЖОО, колледж бен мектеп бар. Ал қаланың шет бөлігінде, Жетісу ауданында жалғыз автомеханикалық колледж бар… Болмаса Алатау ауданын қарайық — онда тұратын жастар көп — сананы өзгерту шараларын сол жақтардан бастау керек. Ол жақта деградация деңгейі деген сұмдық. Жетісу ауданында тұратын жастардың басым бөлігі сол жердегі барахолкада істейді, тиын-тебен тауып күнелтіп жүр.

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА. Маған осы жаңа әкімдердің шеткері аудандарға барып, қал сұрастырып тұратыны ұнайды. Тоқаев та айтты ғой, Алматының шет аудандарына назар аудару керек деп. Орталық аудандарда бәрі жақсы, жұмыс жүріп жатыр. Ал шет аудандар үшін жаның қатты ауырады, рас.

БАҚЫТГҮЛ ҚАСЫМЕТОВА. Mediadrive туралы айтып жатсыз. Онда таныстырылған 16 жобаның әрқайсының қандай да бір мақсаты мен міндеті бар. Ең басты міндеті — балалардың санасын өзгерту. Балабақшаға баратын бөбек болсын, оқушы не студент болсын — әр оқытушы осы каталогты пайдасына асырса болады. Бәрі ашық тұр. Балаларымыз қазір инстаграмда, әлжеліже отырады. Отбасы, еңбек, шараларымыз туралы видеоларымызды көріп, көрнекті тұлғалармен, олардың жетістік формуласымен танысады…

ГҮЛНАР ҚОҢЫРОВА. «Жетістік формуласы» жобасын өткіздік, қарапайым құрылысшы, дәрігер қыз-жігіттерден бастадық. Биылға бүкіл шарамызды бағдарламаның бесжылдығына орайластырып жоспарлап қойдық. Біз ғана емес, ел боп дайындалып жатырмыз. Жоғарыдағыларға, қоғамдық даму басқармасына хаттар жазып, «Жетістік формуласын» өткізуді ұйғардық. БАҚ арқылы конкурс жарияладық та, қала тұрғындарының арасындағы зоо және эко белсенділерді іздедік. Қаңғыбас ит-мысықтарды жинап, паналайтын орын ұйымдастырып жүрген көршісі, досы туралы хикаяларын айтқан қаншама видео келді. Бейжай бола алмайтын алматылықтар туралы. Бұл да рухани жаңғыру, жаным!

Жобалық офистен кеткен соң көп ұзамай Жанна Үсенова маған Tenderwoman ЖШС түсрген видеоларға сілтеме тастады. Олардың бірі отбасылық құндылық тақырыбында: анасы мен қызы ыдыс жуып тұр, әкесі мен ұлдары үстел футболын ойнап тұр. Дала фольклоры мен музыка және «түркі әлемінің генезисі» туралы басқа видеолары жалпы техникалық тұрғыдан жаман емес екен. Осы үш видеоның бірі 8 айда 4 қаралым, екіншісі 14, үшіншісі — 9 қаралым жинапты.

2-бөлім

Сана сюрреализациясы немесе рухани жаңарудың «жетістігі»

Көрінген жерден табылатын ұрланған (?) қыран

Назарбаев ойлап тапқан қоғамды «рухани жаңғырту» идеясы жалпы сюрреалистік бастама. Қалай болған күнде, экс-президенттің ұзақ-сонар, айтарлықтай абстрактілі мақаласының басқа нәтиже беруі екіталай екені әуелден түсінікті еді.

Сюрреализм бірден, «Рухани жаңғыру» логосы — самғап бара жатқан түрлі-түсті қыран таныстырылған сәтте басталды.

Ол 2017 жылы пайда болып, көрінген жерден, тіпті күтпеген орындардан табыла бастады. Астанада шынымен әр жерге — Бәйтерек алдында, тоз-тозы шыққан үйлердің қасбеттеріне, сұлулық конкурстарының сахналарына жапсыра берген. Көп ұзамай өңірлерге де жетті. 2017 жылдың қыркүйегінде барлық облыста флешмоб ұйымдастырылып, жиналған студенттер самғап бара жатқан қыранды бейнеледі. Қостанай жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айгүл Абдуллин «Қостанай жастары Елбасының „Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру“ атты бағдарламалық мақаласында айтылған идеяларға қолдауын білдіргісі келді», деп мәлімдеген болатын.

«Осындай флешмобтардың арқасында біз жастарды біріктіреміз, олардың патриоттық сезімін дамытамыз. 5 түсті жейде киген жастар боп билеп келіп, Рухани жаңғыру логосын, сосын Қостанай деген сөзді бейнелейміз», — деді Абдуллина.

Бірнеше айдан кейін, 2018 жылдың көктемінде «Рухани жаңғыру» логосы тағы да назарымызды аударды. Әлжелі қолданушылары ұлттық бағдарламаның символы әсте оригинал емес екенін байқап қалған. Әлжелі қолданушысы Егор Кочетов Facebook парақшасында «Рухани жаңғыру» қыраны және авторлық курстар ұсынатын француз театр компаниясына тиесілі Патмос Қыраны бейнеленген екі лого суретін жариялайды. Постында былай ден жазған: «2009 жылы Францияда ойлап табылған логотипке бірнеше жылдан кейін „Рухани жаңғыру“ деген бағдарламаны лайықтап жасап шыққан сияқты. Әбілазовтың қатысы бар-жоғы белгісіз».

Беделді қазақстандық өнертанушы Валерия Ибраева Factcheck.kz сайтына берген комментариінде «Рухани жаңғыру» логосы — барып тұрған плагиат және мұндай әрекетпен қоғамды жаңғырту мүмкін емес деп атап өтті. «Қазақстандық „Рухани жаңғыру“ логосының авторлары француздың театр жобасы логосына көгілдір түс қосып, қанатын сәл қисайта салса, қоғам санасы жаңғырып кетеді деп сенсе, бұл олардың үлкен қатесі. Ондай процесс ашықтан-ашық жасалған арсыз плагиат нәтижесінде жүріп кетпейді», — деген еді Ибраева.

Скандалға қарамастан, сол кезде ақпарат және коммуникация министрі боп тұрған Дәурен Абаев лого сол күйінде қалатынын мәлімдеді: «Мұның соншама шу туындайтындай несі бар екенін түсінбеймін, шын айтсам. Плагиат жасадыңдар деп ешкім шағым түсірмеді. Әрбірден соң құстардың бәрінде қанат пен тұмсық бар, әрине ұқсауы заңды. „Рухани жаңғыру“ логосындағы құс Қазақстан Республикасының туынан алынғанын көріп тұрсыздар ғой».

Арада тағы жылдар өтті. Биыл сәуірде Теміркөпір ауылының тұрғындары Ақтөбе облысы әкімдігіне келіп, өңір басшысы Оңдасын Оразалиновтан жаңа мектеп салып беруін талап етті. Ауылда тұрған мектептің іргесі сонау 1938 жылы салынған, оқушылар қыста пеш жағып оқиды.

«Балаларымыз Мәдениет үйі, спортзал дегеннің не екенін білмей өсті. Жүз жыл ішінде мұнда тек жеке үйлер салынып келген. 2018 жылы Теміркөпірге газ құбыры салынды. Бүтін ғасыр ішінде қолымыз жеткен ғанибет сол ғана. Біз де Қазақстан азаматтарымыз. Мектеп салынсын, біздің талабымыз сол!» — деді сол кезде наразы топ мүшесі Еламан Қапанов.

Тозығы жеткен мектеп құлағалы тұрса да, мектеп директоры кабинетінің маңдайында сол баяғы түрлі-түсті қыран жапсырылған. Алтын жалатқан жақтауы бар. Қыраны бар логоны өзінің стилін «де Голль» деп атаған, жүріс-тұрысы бірқилы мемлекет қайраткері әрі сәнқой, мәдениет министрлігінің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы костюмінің қайырмасына іліп жүретін. «Бұл белгіні („Рухани жаңғыру“ логосы — ред.) мақтанышпен тағып жүремін. Өте әдемі, өте жарасымды. Бұл жерде ұялатын түгі жоқ. Эмблема рухты, алға ұмтылысты сипаттайды. Өздеріңіз көрдіңіздер, логолардың айырмашылығы бар. Өзім де тексердім. Иә, құстардың самғаған қалыптары ұқсас, бірақ түстері әртүрлі. Бұдан трагедия жасап, қасақана ұрлап алды деп біреуді айыптау дұрыс емес», — деген еді Мұхамедиұлы 2018 жылы.

Ол бірнеше ай бұрын «Рухани жаңғыру» аясындағы жобаға бөлінген 146 млн теңгені жымқырды деген күдікпен қамауға алынған болатын.

Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі

Өлімнен кейінгі адам тағдыры әртүрлі болады: біреудің тіпті сүйегінен шаң да қалмайды, ал тағы біреулер музей экспонатына және біреудің байып кету себебіне айналады. Мұхамедиұлына тағылған айыптарға қарасақ, 1969 жылы Есік қорғанынан табылған алтын сауытты сақ бекзадасының сүйегі дәл осы жағдайға қалған.

Алтын адам Қазақстанның символы ретінде қабылданады, сондықтан 2018 жылы шенеуніктер оны «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында пайдаланып қалуды ұйғарып, «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты жоба бастап жібереді. Мақсаты дұрыс — шетелдіктерді Қазақстан тарихымен және мәдениетімен таныстыру.

«Қазақстан әлемдік қауымдастықты өзіндік көшпелі өркениетімен және тарихымен ерекше қызықтырады. Қазіргі уақытта елімізде ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың „Рухани жаңғыру“, „Ұлы даланың жеті қыры“ бағдарамаларының аясында мәдениет пен өнер саласында көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі және бірегейі өздеріңіз куә болып отырған „Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі“ халықаралық жобасы. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейі жүзеге асырып отырған бұл жоба аясында Қазақстан тәуелсіздігінің символына айналған Алтын адам Еуропа, Азия және өзге де жиырмаға жуық мемлекеттің назарына ұсынылмақ. Түркия Республикасының Анкара қаласында ұйымдастырылып отырған бүгінгі көрменің мақсаты Еуразияның ұлы дала белдеуінде ерте темір дәуірінен қазіргі заманға дейінгі қалыптасқан тарихи-мәдени бауырлас Түркия еліне таныстыру болып табылады», — деді сол кездегі Қазақстан Ұлттық музейінің басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы 2019 жылдың қыркүйегінде көрменің Түркияда ашылған салтанатында.

Сол жылы Астанада Солтүстік Македония, Өзбекстан, Татарстан, Грекия, Түркия және Малайзиядан келген музей қайраткерлерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті, шара кезінде олар көрмелердің сәтті өткенін мәлімдеді.

«Осындай көрме жобалары әрдайым тек ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің ғана емес, сонымен қатар, музейге келушілердің басқа санатының, әсіресе өнер қайраткерлері арасында үлкен қызығушылық тудырады. Көрмені Ташкент қаласының тұрғындары мен қонақтары үлкен қызығушылықпен қабылдады. Өзбекстанның Мемлекеттік өнер музейіндегі көрмеге 10 мыңнан астам адам келді», — деді Өзбекстанның Мемлекеттік өнер музейінің директоры Васила Файзиева.

Оның малайзиялық әріптесі Фаризавати бинти Сабри болса, Куала-Лумпурдағы көрмеде Алтын адамды 21,1 мың адам тамашалағанын мәлімдеді.

«„Ұлы Дала: тарих және мәдениет“ көрмесін өткізу үшін өз алаңдарын ұсынған шетелдік музейлердің барлық өкілдерінің ортақ пікірі бойынша, мұндай көрмелер тек рухани өзара байытуға және қазақ халқының тарихы мен мәдениетін білуге ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың дамуына, мәдени байланыстардың орнап, тәжірибе алмасудың қалыптасуына жол ашады. Бұған И. Низамиевтің 2020 жылы олардың музейі Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде ислам мәдениеті мен мұсылман өнері туындыларының топтамасының көрмесін өткізуді жоспарлап отыр деп айтқан сөздері куә», — деп хабар таратты Ұлттық музей кейін.

Жобасының алғашқы үш жылында Алтын адам 12 елде көрмеге қойылды.

Ал 2022 жылдың мамырында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Нұр-Сұлтан қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ҚР Ұлттық музейінің лауазымды тұлғаларына және басқа да тұлғаларға қатысты „Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі“ халықаралық көрмесін өткізу жөніндегі мемлекеттік сатып алу туралы шарт шеңберінде 146 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде» деген пресс-релиз таратты.

Күдікке ілінгендер қатарында Ұлттық музей басшысы бар еді. Мұхамедиұлының үстінен арыз жазған — атақты театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұлов. Nege Media сайтына берген сұхбатында ол экс-министр әрі Ұлттық музей директоры «сатып кеткен» адамдардың Мұхамедиұлының кінәсын дәлелдейтін құжаттарды әкеп бергенін мәлімдеді. «Нақты дәлелдер бар. Ол құжаттардың бәрі менде тұр, соның бәрін келтіріп, үстінен арыз жаздым. < … > Ал мұны өздері айтуға қорқады.», — деді Мұхамедиұлының «бұған дейін жоғарғы жақтағы адамдардың ерекше қорғауында» болғанын да атап өткен Жаманқұлов.

16 мамырда БАҚ-та Мұхамедиұлының өзінің тамырын кескені туралы ақпарат таратты, алайда оны баспасөз хатшысы бірден жоққа шығарды, ал Ұлттық музейдің экс-басшысы президент Тоқаевқа үндеу жолдады: «Қай салада жұмыс жасамайын, мен әуелі ұлт мүддесі үшін тер төгіп жүргенімді айтқым келеді. Мемлекет бюджетіне қол салғандарға аяусыз тосқауыл жасап келемін. Әрине, мұндай әрекеттерім кейбір адамдарға ұнасын ба? Кейбір адамдар әлі күнге дейін тірліктеріме тұзақ құрып келеді».

Желкеден шыққан көмек

2018 жылдың көктемінде, астана аты ауысардан және Назарбаевтың биліктен «кетерінен» тура бір жыл бұрын Ұлттық музей «Рухани жаңғыру» аясында Focus Kazakhstan — заманауи отандық суретшілердің көрмелер таныстыру жобасын бастады. Көрмелер Лондон, Берлин, Джерси-сити және Сувонда ашылды. Онда 94 суретшінің 400-ге жуық жұмысы қойылды. Нәтижесі — бүлінген және жоғалған өнер туындылары, қарыздар мен соттар.

2019 жылы Informburo қазақстандық «Қызыл трактор» арт-тобы Ұлттық музей мердігерлерінің — BBK Pro компаниясының «ASA Садыков А.А» логистік фирмасына қарыз болу себебінен жылдан астам уақыт бойы картиналарын қайтара алмай отырғаны туралы мақала жариялады. Ақыры Ұлттық музей мен логистика компаниясы BBK Pro-ны сотқа беріп, жеңген. Ал «Қызыл трактор» суретшілері BBK Pro-мен контракт жасамағандықтан сотқа бара алмаған.

«Мен әдетте мемлекетке, үкіметке, шенеуніктерге сенбейтін едім. Алайда өмірімде бірінші рет билік өзі келіп, осындай мүмкіндік берді, ақыры көмегі желкемізден шықты. Суреттерімізді енді кімнен талап етерімізді білмейміз», — деген еді «Қызыл трактор» арт-жобасының мүшесі Арыстанбек Шалбаев.

«Власть» интернет-журнал Арман Тұрсынқұлов деген азамат өзін BBK Pro директорымын деп ұзақ уақыт таныстырып жүргенін жазды, алайда интернет-журналға берген сұхбатында Тұрсынқұлов BBK Pro компаниясы оның «Adiant Media» ЖШС-ын арт-кураторлармен және мердігерлермен «келісім-шарт жасасу» үшін жалдағанын жеткізді.

Қалай болған күнде де, мемлекет үшін маңызы зор «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысты бұл дау меморгандар мен аталған компанияның арасын суытпады.Былтыр жаңа жыл қарсаңында Алматы көшелерін Clover Media Group безендірді, алайда олардың жұмыс нәтижесі алматылықтардың көңілінен шықпаған — әлжеліде көшелердің нашар безендірілгені жазылды. Бұл үшін Clover Media Group 220 млн теңге (сол кездегі бағам бойынша жарты миллион доллар) ақы алған.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке сәйкес Clover Media Group ЖШС мекенжайы дәл Тұрсынқұлов Арман Бақытұлы басқаратын Adiant Media ЖШС-ныкіндей. Statsnet сайтында Ерменбаева Әсия Ебейқызының (Clover Media Group жетекшісі) мобил номері деп көрсетілген номер мемсатыпалу сайтында да тұр. Тек номердің мемлекеттік сатып алу сайтындағы иесі — Adiant Media. Екінші номер де екі компанияға тиесілі екені анықталған.

Өткен жылдың соңында The Village Қазақстан Тұрсынқұловтың атына сауал жіберді, бірақ жауап келмеді. Дегенмен биылғы наурызда, журналистік сауал жіберілгеннен бірнеше айдан соң Clover Media Group менеджері Олжас Нұрланов бұл компания «Рухани жаңғыру» аясындағы Focus Kazakhstan жобасында басы дауға қалған Adiant Media холдингінің еншілес кәсіпорны екенін мойындады.

Фото: Сандугаш Дуйсенова

Әлі біткен жоқ

Үкіметіміз мұның бәрін доғарады деп ойлап қалсаңыз, қателесесіз. Күзде Қазақстан қоғамдық даму институтының атынан «Рухани жаңғыру» деген сөздерді алып тастағанымен, бұл бағдарлама «Ұлттық рухани жаңғыру» деген атпен жалғасын тапты (жоғарыдағылар бағдарлама атауындағы тағы бір сөз жетістікке әкеледі деп сенсе керек…).

«Мазмұны жағынан бұл мәні терең, ауқымы өте кең жоба. Бұл — қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың мәдени болмысы, тарихы мен тамыры. Сондықтан әсіресе қазіргі жаһандану кезеңінде оны сақтап қалу, ұрпақ бойына сіңірудің маңызы зор», — деп түсіндірді сол кездегі ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бұл бастаманы былтыр күзде таныстыру барысында.

Қалай дегенмен мақсаттың бәрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағыдай болып қалған — «ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттау арқылы қоғамның мәдени деңгейін, талғамын және рухын көтеру».

«Ұлттық рухани жаңғырудың» «Рухани жаңғырудан» айырмашылығын Аида Балаева ең алдымен бұл «тактикалық құжат», екіншіден «стратегиялық» деп түсіндірді: «Бұл нақты міндеттерден, нақты көрсеткіштерден тұратын стратегиялық құжат. Біз бұл көрсеткіштерге қалай жетуге болатынын білеміз. Біз жобаны іске асыру қорытындысы бойынша қандай нәтижелерге қол жеткізетінімізді білеміз. Жобалар қайталанбайды, бір-бірін өзара толықтырады. Айырмашылығы осы».

Бағдарлама былтырдан бері жүзеге асып жатыр, 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған. Осы уақыт ішінде елімізде 40 анимациялық филм түсіріп, кинопрокаттағы қазақстандық туындылардың үлесі 25%-ке жеткізу жоспарланған.

«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасына 19 млрд теңге жүмсалмақ.

Бұл ретте айта кетерлігі — Қазақстан қоғамдық даму институты жүргізген сауалнама нәтижесінде респонденттердің 73%-і «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шараларына қызықпайтыны белгілі болған.

Ал оның басты мақсатына келсек («Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы») — оның нәтижесін Талдықорғанда құлап жатқан Назарбаев ескерткішінің суретінен артық ештеңе бейнелей алмайды.

Бұл контент Америка халқының көмегі арқасында Америка Құрама Штаттарының Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында дайындалды. The Village Казахстан ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты және ол ақпарат USAID-тың немесе Америка Құрама Штаттары үкіметінің немесе Internews пікіріне сай келмеуі мүмкін.