ГосутопияҚазақстан 20 жыл мемлекеттік бағдарламалар бойынша қалай өмір сүрді
Елді осы күйге түсірген биліктің негізгі құжаттары
«Ұлттық жоба» – қазақстандықтар үшін салыстырмалы түрде жаңа ұғым. Әдетте, мұндай жобалар соңғы екі онжылдықта өміріміздің барлық саласында бағыт сілтеп, қарқын алған мемлекеттік бағдарламалардың дәстүрін жалғастыруға арналған. Сондай-ақ құжаттар бағдарламалық мақсатты басқару жүйесінің негізгі құралына айналды.
Мемлекеттік бағдарламалардың авторлары әр түрлі дәрежеде ел функцияларын көлемді құжаттарда сипаттауға тырысты, бірақ әдістемелік тұрғыдан бағдарламалар бұған мүлдем арналмаған анық. Іс жүзінде олар нақты мақсатқа жетуге бағытталған құралдардың тар жиынтығын қамтыды.
Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, әдіснамалық шимай-шатпақ - қиындықтың бір жағы ғана. Қазақстандағы мемлекеттік бағдарламалардың іс жүзінде емес нысаналы индикаторлар төңірегінде жазылғаны, мониторинг пен бағалау тетіктерін қолданбай құрғақ есеп өткізіп бағаланатыны әлдеқайда жағымсыз. Осылайша, тәуелсіз Қазақстанның маңызды мемлекеттік бағдарламаларының ішінен екіұшты нәтижелері сынға алынбаған жоқ дегенде біреуін табу қиын.
«Госутопия» арнайы жобасы Қазақстандағы мемлекеттік бағдарламаларды зерттеуге арналған. Жобаның бірінші материалында ел тарихында ең маңызды мемлекеттік бағдарламалар хронологиясын сипаттаймыз.Тізім әртүрлі саладағы ондаған мамандар кеңесінен кейін құрастырылды. Олар жүздеген бағдарламалардың ішінен шын мәнінде статус-квоны жақсартатын немесе оны жасай алатын не қалғандарына қарағанда «сәтсіз» болған бағдарламарды іріктеп алды. Есепті 90-жылдардың соңы – 2000-жылдардың басынан бастаймыз: дәл сол кезде республикада денсаулық сақтау және білім беру саласындағы алғашқы мемлекеттік бағдарламалар бекітілді.
Мәтін авторы: Маргарита Бочарова
1998 жыл
Бастапқы (үш жылға арналған) бюджет:
57 миллиард теңге
Қаржыландыру көзі:
Республикалық бюджет; заңмен тыйым салынбаған өзге де көздер
Мәні:
1990 жылдары ел бюджетінен отандық денсаулық сақтау жүйесіне 2%-дан аз қаржы бөлінді, 1995-1998 жылдар аралығында үкімет денсаулық сақтау саласының бюджеттік-сақтандыру үлгісін қалыптастырды. Тәжірибе сәтсіз болды: елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмендеуінен әлеуметтік маңызды аурулардың негізгі көрсеткіштері де нашарлады.
Жауапты:
Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі. 1997-1999 жылдары министрлікті Қырымбек Көшербаев басқарды. Бұдан кейін ол денсаулық сақтау, білім және спорт саласына жауапты болады, кейін білім мен ғылым саласын да құзыретіне алады. 2000 жылдың аяғында Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалып, білім мен денсаулық сақтау саласына қайтып оралмаған. Кезінде ол Маңғыстау, Қызылорда облыстарын да басқарды, Ресейдегі Қазақстан елшісі, президенттің кеңесшісі, премьер-министрдің орынбасары, президент әкімшілігінің жетекшісі болды. Соңғы жылдары Көшербаев мемлекеттік хатшы қызметін атқарды, 2022 жылдың қаңтар айының басында қызметінен босатылды.
Мақсат:
Қазақстан халқының денсаулық жағдайын жақсарту және халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапалы жаңа деңгейіне жылдам қол жеткізуі. Негізгі назарды стационарлық көмектен амбулаториялық-емханалық көмекке (МСАК) ауыстыру, медициналық қызметтерді көрсетуде бәсекеге қабілетті орта құру жоспарланды.
Нәтижесі:
Бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылдары айтарлықтай нәтиже болмады –төсек-орындар мен МСАК нысандарының азаюы жалғасты, кадр жетіспеушілігі орын алып, материалдық-техникалық база 70% ескірген құрал-жабдықтан тұрды. Саланы қаржыландыру 2000 жылдардың басында ғана өсті, сол жылы жүйенің нормативтік-құқықтық базасын құру мен дамыту бойынша жұмыс күшейді. 2002 жылы алғаш рет Қазақстанда халық арасында жаппай медициналық тексеру жүргізілді. 2005 жылдан бастап республикада денсаулық сақтауды дамытудың тағы төрт бағдарламасы қосылды. 2021 жылы үкімет «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын бекітті.
2000 жыл
Бастапқы бюджет:
380 миллиард теңге
Қаржыландыру көзі:
Мемлекеттік бюджет; мемлекеттік инвестициялық бағдарламаға енгізілген кредиттер; халықаралық ұйымдардың гранты; ұйымдар мен жұртшылықтың демеушілігі.
Мәні:
1991 жылдан бастап балабақшалар саны айтарлықтай азайды, бес-алты жастағы балалардың тек 17,5%-ы ғана мектепке дейінгі мекемелерге баратын. Қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендеуінен кәсіптік оқыту қолжетімсіз болды. Бюджет білім беру мекемелерінің қаржы қажеттілігінің төрттен бірін де қамти алмады.
Жауапты:
Білім және ғылым министрлігі. 1999-2000 жылдары ведомствоны Қырымбек Көшербаев басқарды.
Мақсат:
Сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы білім беру жүйесінің ұлттық моделін тиімді дамыту. Құжатта нақты индикаторлар жоқ, алдағы нәтижелер «жағдай жасалады», «тиімділік артады», «сапа жақсарады» деген сынайда көрсетілген.
Нәтижесі:
Қазақстан тарихындағы білім беру саласындағы тұңғыш мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылған жылдары саланы қаржыландыру 130 %-ға, мұғалімдердің жалақысы 70 %-ға өсті. Алайда, жалпы алғанда, 2004-2005 жылдардағы жағдай жақсармады: балалардың тек 23,2%-ы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды; мектеп оқушыларының 57,4%-ы ғана мемлекеттік тілде оқыды; ең аз есеп бойынша елімізде 1900-ден астам мектеп құрылыс жұмыстарын қажет етті. 2004 жылдан кейін Қазақстанда білім беруді дамытудың үш бағдарламасы қабылданды. 2021 жылы үкімет «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын бекітті.
2003 жыл
Жоспарланған инвестиция көлемі:
28-30 миллиард АҚШ доллары
Қаржыландыру көзі:
Республикалық және жергілікті бюджет; тікелей шетелдік және ішкі инвестиция; халықаралық қаржы ұйымдарының немесе донор елдердің гранты.
Мәні:
Алғаш рет Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игеру бағдарламасы сонау 1993 жылы бекітілді. 2002 жылға қарай Қазақстанда игеріліп жатқан көмірсутек кен орындарының көпшілігі жылдық максимал өндіру көрсеткішіне жетті. Осыған байланысты теңіздегі мұнай-газ операциясының стратегиясы мен әдістерін нақтылау, сондай-ақ Теңіз бен Қарашығанақты игеруді жандандыру қажет болды.
Әзірлеуші:
Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі, «ҚазМұнайГаз». Министрлікті Владимир Школьник басқарды. Оның қоғамдық саяси мансабы 13 жылдан кейін президенттің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалуымен аяқталады. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясын сол кезде Ұзақбай Қарабалин басқарды. 10 жылдан кейін ол мұнай және газ министрі, одан кейін энергетика министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалады. Бүгін ол «ҚазМұнайГаз» директорлар кеңесінде «Самұрық-Қазына» қорының мүддесін қорғап жүр.
Мақсат:
Көмірсутектерді ұтымды және қауіпсіз игеру арқылы тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, өмір сүру сапасын арттыру. Жоспар бойынша 2005 жылы Қазақстан өнеркәсіптік мұнай өндіруге кірісіп, ал 2015 жылға қарай жыл сайын оның көлемі шамамен 150-170 миллион тоннаға жету қажет болатын.
Нәтижесі:
Бағдарлама 2010 жылы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қабылданғаннан кейін жабылды (бұл бағдарлама туралы төменде айтатын боламыз). Есеп комитеті Каспийді игеру бағдарламасының 24 шарасының 10-ы орындалмай қалғанын, құжаттың мақсаттары толық орындалмағанын мәлімдеді. Қашағанда (әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі) өндірісті іске қосу 2005 жылы емес, тек 2016 жылы ғана іске асты. 2015 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұнай және конденсат өндіру көлемі 79,5 млн тоннаны құрады.
2010 жыл
Бастапқы бюджет:
951,5 миллиард теңге
Қаржыландыру көзі:
Даму институттарының қаражаты; су шаруашылығы ұйымдарының меншікті қаражаты; отандық және шетелдік инвестиция; мемлекеттік бюджет.
Мәні:
2002-2010 жылдар аралығында Қазақстанда алғаш рет «Ауыз су» салалық бағдарламасы жүзеге асырылды (бастапқыда бағдарлама құрастырушылары оны 2030 жылға дейін жүзеге асады деп күткен). 2011 жылы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауында сегіз жылдық жұмыстың қорытындысын баяндады. Ол орталықтандырылған сумен жабдықтау қалаларда 72 %-ға, ауылдарда 41 %-ға жеткенін мәлімдеді.
Жауапты:
Экономикалық даму және сауда министрлігі. 2010 жылы ведомствоны Жанар Айтжанова басқарды. Алты жылдан кейін ол үкіметтен кетіп, дипломатиялық қызметке кіріседі. 2022 жылдың қаңтарына дейін Қазақстанның БҰҰ бөлімшесі жанындағы Қазақстанның өкілі және басқа да халықаралық ұйымдарда тұрақты өкіл қызметін атқарды.
Мақсат:
Халықты қажетті мөлшерде және кепілдендірілген сапада ауыз сумен қамтамасыз ету. 2020 жылға қарай қалаларда орталық сумен жабдықтауға қолжетімділік 100%, ауылдық жерлерде – 80% (су есептегіш құралдарымен қамту бойынша да осы индикатор көрсетілді) болуы тиіс деп жоспарланған болатын.
Нәтижесі:
2020 жылдың қорытындысы бойынша орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік қалаларда 97,2%, ауылдарда 64,3% деңгейінде қамтамасыз етілді. 2019 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаннан кейін 2020 жылға қарай республиканың барлық тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі бастапқы жоспар 2025 жылдың соңына шегерілді. Бұл ретте, Есеп комитетінің айтуынша, «салалық саясаттың сәйкессіздігі мен бытыраңқылығынан 2025 жылға қарай алға қойылған мақсатқа қол жеткізбеу мүмкіндігі сақталады».
2010 жыл
Бастапқы бюджет:
306 миллиард теңге (кейін сомма үш есе өсті)
Қаржыландыру көзі:
Мемлекеттік бюджет; кәсіпорындардың, ұйымдардың қаражаты (оның ішінде ұлттық компаниялар мен мемлекет қатысатын ұйымдардың қаражаты да бар).
Мәні:
2003 жылы үкімет Қазақстан экономикасының тұрақтылығының шартын шикізат экспортына тәуелділікті азайту және өңдеу өнеркәсібін дамытумен байланыстырды. Ол үшін 2015 жылға дейін индустриялық-инновациялық даму стратегиясы бекітілді. 2010 жылы нақты нәтиже бере алмаған жоба шығынға ұшырады.
Әзірлеуші:
Экономикалық даму және сауда министрлігі мен индустрия және жаңа технологиялар министрлігі. Бағдарламаның бекітілуіне төрт күн қалғанда экономикалық даму және сауда министрі болып Жанар Айтжанова, индустрия және жаңа технологиялар министрі болып Әсет Исекешев тағайындалды. Төрт жылдан кейін Исекешев инвестицияларды дамыту министрі болып, содан кейін Астана әкімі болып тағайындалады. Ол Назарбаев кеткенге дейін президент әкімшілігін басқарды, бір жылдан кейін президенттің көмекшісі болып оралды. 2022 жылдың 25 ақпанына дейін қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болды.
Мақсат:
Әртараптандыру және бәсекеге қабілеттілікті арттыру арқылы тұрақты және теңгерімді экономикалық өсімді қамтамасыз ету. Басымдылық экономиканың экспортқа бағытталған секторында ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға берілді
Нәтижесі:
Есеп комитетінің хабарлауынша, бағдарламаны іске асыру қорытындысы бойынша пайдалануға берілген 770 жобаның 42% ғана (жартысынан азы ғана) толық қуатта жұмыс істейді. 14 кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұр, соның салдарынан 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылмады. Сондай-ақ төрт жылдан кейін индустрияландыру картасына қосылған құны төмен немесе нөлдік жобалар енгізілгені анықталды. 2014 жылы жаңа индустрияландыру бағдарламасы қабылданды (есеп комитеті оның нәтижесін де толық орындалмады деп бағалады), 2019 жылы тағы да жаңа бағдарлама қабылданады.
2012 жыл
Бастапқы бюджет:
141 миллиард теңге
Қаржыландыру көзі:
Республикалық және жергілікті бюджет; заңмен тыйым салынбаған өзге де көздер.
Мәні:
2011 жылы желтоқсанда болған Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздік моноқала тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық қиындықтарын көрсетті. Моноқалалардың көбінде экономикалық белсенді тұрғындардың үштен бірінен астамы өзін-өзі жұмыспен қамтыған, ал жан басына шаққандағы орташа табыс орташа облыстық деңгейден әлдеқайда аз.
Әзірлеуші:
Экономикалық даму және сауда министрлігі. 2012 жылы Бақытжан Сағынтаев ведомствоны аз уақыт басқарды. Төрт жылдан кейін саяси мансабының шыңы – премьер-министр қызметіне тағайындалады. 2019 жылдың жазында ол Алматы қаласының әкімі болады. Қайғылы қаңтар оқиғасынан кейін қызметтен босатылады.
Мақсат:
Орта және ұзақ мерзімде моноқалалардың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы. 2020 жылға қарай моноқалалардағы жұмыссыздық деңгейін 5%-ға, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесін 6%-ға дейін азайту, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің санын 4 есеге дейін ұлғайту жоспарланды.
Нәтижесі:
Бағдарлама 2015 жылдың 1 қаңтарында қысқартылып, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына біріктірілді. Есеп комитетінің бағалауы бойынша үш жыл ішінде бағдарламаның төрт нысаналы индикаторының біреуіне ғана қол жеткізілсе, іс-шаралар жоспарындағы 18 тармақтың 6-ы ғана орындалған. Бағдарламаны іске асыруға бағытталған қаражаттың жалпы көлемінің тек 16% - ы моноқалалардың экономикасын әртараптандыру жөніндегі іс-шараларға пайдаланылды. Жұмыссыздық деңгейін төмендету, өнеркәсіп өндірісінің көлемін арттыру жүзеге аспады.
2013 жыл
Бастапқы бюджет:
103,2 миллиард теңге
Қаржыландыру көзі:
Республикалық және жергілікті бюджет.
Мәні:
2011-2012 жылдары республикада лаңкестік әрекеттің өршуі байқалды – бұған дейін ел аумағында іске асқан терактілер болған жоқ. Елде лаңкестердің барын жоққа шығаратын саяси риторикаға қарамастан, сол жылдары билік заңнамаға түзетулер енгізді. Өзгерістер арнайы қызметтердің құзыретін кеңейтіп, ақпараттық кеңістікті бақылауға алуды көздеді.
Әзірлеуші:
Бас прокуратура. Ол кезде ведомствоны Асхат Дауылбаев басқарды. 2016 жылы мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мерзімінің аяқталуына бір жыл қалғанда, ол қызметінен босатылады. Соңғы алты жылда Конституциялық Кеңестің мүшесі болды.
Мақсат:
Діни экстремизм көріністері мен терроризм қаупін алдын алу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 2017 жылға қарай діни радикализмге бейім барлық жастар профилактикалық жұмыстармен қамтылады деп жоспарланған болатын.
Нәтижесі:
Журналистер бағдарламаның бюджеті құжаттарды дайындау және бекіту кезінде мәлімделгеннен әлдеқайда аз болып шыққанын анықтады. Сарапшылар болса дінге шамадан тыс көңіл қойып, терроризмнің әлеуметтік-психологиялық тамырына мән бермеуді сынға алды. 2016 жылдың жазында Алматы мен Ақтөбеде екі ірі теракт болды. 2018 жылы экстремизмге қарсы жаңа бағдарлама қабылданып, сенат оның күмәнді нәтижелеріне ақында назар аударды.
2015 жыл
Бастапқы бюджет:
7,7 триллион теңге
Қаржыландыру көзі:
Ұлттық қор; республикалық және жергілікті бюджет; халықаралық қаржы институттары мен ұйымдарының қаражаты; ұлттық компаниялар мен даму институттарының меншікті қаражаты; жеке инвестиция.
Мәні:
2014 жылы Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатында күйзелістер болды. Мұнай бағасының күрт төмендеуі мен сыртқы сұраныстың әлсіреуі өсімді бәсеңдетіп, нарықта теңгерімсіз жағдай туды. Ел экономикасы, үкімет жоспарына сәйкес, құрылымдық шаралармен біріктірілген дағдарысқа қарсы шараларды қамтитын бюджеттік ынталандырудың шараларының үлкен пакетін қажет етті.
Әзірлеуші:
Ұлттық экономика министрлігі. 2014 жылдан бері Ерболат Досаев министр қызметін атқарды. Екі жылдан кейін ол «Бәйтерек» холдингін басқарды, кейін премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық банк төрағасы қызметтерін атқарды, ал 2022 жылдың қаңтар айының соңында Алматы қаласын басқаруды қолға алды.
Мақсат:
Өңірлер арасындағы көлік қатынасындағы шектеулерді еңсеру, көлік инфрақұрылымын халықаралық жүйеге біріктіру, транзиттік әлеуетті жүзеге асыру. Нысаналы индикаторлар арасында 2019 жылы базалық инфрақұрылым сапасы бойынша БЭФ рейтингінде 57-орынға шығуға тырысты (спойлер: бірақ шықпады).
Нәтижесі:
Есеп комитеті бағдарламаның үш жылдық орындалу барысын бағалап, оның тікелей нәтиже көрсеткіштері көзделген іс-шаралармен байланысы жоқтығын, «мақсатты индикаторлар дұрыс әзірленбегенін» және басқа мемлекеттік бағдарламаларда жекелеген міндеттердің қайталанатынын мәлімдеді. ХВҚ мәліметінше, бағдарлама аясында көлік инфрақұрылымын дамыту өндіріс көлемі мен компаниялардың табысына айтарлықтай әсер еткенімен, жұмыспен қамтуға ешқандай әсер етпеген. 2020 жылдан бастап республикада бағдарламаның екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр.
2016 жыл
Бастапқы (үш жылға арналған) бюджет:
285 миллиард теңге
Қаржыландыру көзі:
Республикалық және жергілікті бюджет; Ұлттық қор; мемлекеттік резерв.
Мәні:
Ресми статистика экономикалық белсенді халық санының баяулауын, көбінесе тікелей төмендеуін тіркейді. Мемлекет кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын жеткілікті түрде ашпайтынын алдыға тартады. Жұмыспен қамтылғандар саны экономикалық өсімге ықпал етпейтін салаларда ғана өседі.
Жауапты:
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі. Ол кезде ведомствоны Тамара Дүйсенова басқарды. 2017-2018 жылдары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды. Қызметінен Назарбаевтың «Не болды, Тамара? Әлде сен бұл жұмыстан шаршадың ба?» деген сөзінен соң босатылды. 2022 жылдың сәуірінде Қасым-Жомарт Тоқаев Дүйсенованы еңбек министрлігінің басшысы қызметіне қайтарды.
Мақсат:
Халықты нәтижелі жұмыспен қамту және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. 2021 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі 4,8 %-дан, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында өнімсіз жұмыспен қамтылғандардың үлесі 10 %-дан аспайды деп жоспарланған болатын. Бес жылда белсенді бизнесмендердің саны 10 %-ға артуы тиіс етін.
Нәтижесі:
2020 жылы Есеп комитеті бағдарламаның бір ғана бағытын тексеріп, мүгедектерді жұмыспен қамту көрсеткіштерінің орындалмағанын, тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасудың төмендеуін және сұранысқа ие емес мамандықтар бойынша кәсіптік оқытуды көрсетті. 2021 жылы министрлік төрт нысаналы индикатордың үшеуіне қол жеткізілгені туралы хабарлады – жұмыссыздықты азайту көрсеткіштеріне коронавирустық пандемияға байланысты қол жеткізілмегенін айтты. Алдағы уақытта кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылатын болады.
2017 жыл
Бастапқы бюджет:
54 миллиард теңге
Қаржыландыру көзі:
Республикалық және жергілікті бюджет; демеушілер қаражаты; бюджеттік емес қорлар.
Мәні:
2017 жылы ел билігі үшін халықаралық аренада республиканың позитив имиджін қалыптастыру бірінші орында тұрды. Сол жылы елордада ЭКСПО қонақтарды қабылдады, Алматыда қысқы Универсиада өтті, дипломаттар Rixos President Astana қонақүйінде Сириядағы жағдайды реттеу үшін келіссөздер жүргізді.
Жауапты:
Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия (құрамына 66 адам кіреді). Ресми түрде оның жұмысын мемлекеттік хатшы басқарады, 2017 жылы бұл қызметті Гүлшара Әбдіқалықова атқарды. 2019 жылы премьер-министрдің орынбасары, кейін Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Әбдіқалықова екі жыл облыс басшысы қызметін атқарды.
Мақсат:
«Мықты, әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт» қалыптастыру. Бес жылда қазақстандықтардың санасы бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімның салтанат құруы, сананың ашықтығы, (революциялық емес) эволюциялық даму сияқты салаларда жаңғыртылады деп жоспарланған болатын.
Нәтижесі:
Бағдарламаның тиімділігі туралы мәселе үнемі көтеріледі. Халық партиясынан сайланған мәжіліс депутаттары «бағдарлама бюджет қаражатының түсініксіз шығынға жұмсап, миф нәтиже береді» деп есептейді. Мемлекеттік сатып алу деректері арқылы журналистер дәл осы нәтижелер фарфор ыдыс, жол талғамайтын көліктер мен баннерлерге жұмсалғанын көрсетті. Үкімет болса, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жөніндегі 2022 - 2024 жылдарға арналған жол картасы мен «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын қабылдады.
Қорытынды
Бүгін мемлекеттік бағдарламалар нәтижесі ұмыт қалса да, мемлекеттік БАҚ оларды сынаудан тартынбайды: мақалалар «қаржы жетпей қалды», мақсаттар қол жетімсіз болды деген сынайда жарияланып жүр. «Хабар»: «Ұлттық жобаларда мұндай қиындықтар жоққа шығарылмайды», - деп ақпарат таратып жүр. Бұл ретте телеарна шенеуніктерді жеке жауапкершілігіне алған ба әлде тұрақты «мониторингтік талдауларға» сүйене отырып мәлімдеме жасап отыр ма – белгісіз. Ал мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов алдағы ұлттық жобаларға тоқталып: «Егер Құдайды күлдіргің келсе, біздің үкіметтің жоспарын айт», – деді. Оның айтуынша, қазір үкімет нәтижеге емес, жоспарлауға мән беріп жұмыс істеп жатыр. Мониторингтер ашық көздерде жарияланып, ойдағыны іске асқан шаруа деп көрсетілмейді деген үміттеміз.
Бұл контент Америка халқының көмегі арқасында Америка Құрама Штаттарының Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын "Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы" аясында дайындалды. The Village Казахстан ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты және ол ақпарат USAID-тың немесе Америка Құрама Штаттары үкіметінің немесе Internews пікіріне сай келмеуі мүмкін.
Комментарии
Подписаться